Accessibility links

Герхард Шредерді "Роснефть" директорлар кеңесі құрамына ұсынды


Германия экс-канцлері Герхард Шредер
Германия экс-канцлері Герхард Шредер

Ресей үкіметі капиталында мемлекеттің үлесі бар "Роснефть" мұнай компаниясының директорлар кеңесі құрамына Германияның экс-канцлері Герхард Шредерді енгізіп, акционерлік компанияның тәуелсіз директоры етіп тағайындауды ұсынған.

Шредер Ресей президенті Владимир Путинмен қарым-қатынасы жақын тұлға саналады. "Роснефть" компаниясы директорлар кеңесі мүшелерінің санын 9-дан 11-ге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр деп хабарланды.

Қазір Шредер ресейлік "Газпром" компаниясының бөлімшесі Nord Stream AG компаниясы акционерлер комитетін басқарады. Nord Stream AG Ресей газын Балтық теңізінің түбімен Германияға жеткізуге арналған құбыр жобасы құрылысын салу үшін құрылған.

Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін Ресейге Батыс елдері салған санкцияға "Роснефть" компаниясы да іліккен.

Социал-демократ Герхард Шредер 1998 жылдан 2005 жылға дейін Германия канцлері болған. 2014 жылғы сәуірде Украинаға қатысты мәселе шиеленісіп кеткен тұста Шредер 70 жасқа толғанын Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Юсупов сарайында атап өткен еді. Ол "Роснефть" компаниясына санкция салуды құптамайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG