Accessibility links

Жамбыл облысында шекарада оққа ұшқан адамның туыстарынан жауап алған


Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеті. Жамбыл облыысы. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеті. Жамбыл облыысы. (Көрнекі сурет.)

Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекарада оққа ұшқан қазақстандықтың туыстарынан полиция жауап алған. Бұл туралы Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті сенбі күні жергілікті уақытпен сағат 20:00 шамасында "Жас өркен" шекара бекеті маңында қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекараны бұзған деген күдікке іліккендерге оқ атқаны туралы хабарлаған. Ресми ақпаратта "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге әрекет жасаған 15 шақты адам шекарашылардың талабына бағынбай, тас лақтырып, қарсылық көрсеткені" айтылған.

"Шекарашылар әуелі ескерту ретінде аспанға оқ атып, ескерту жасағанымен, құқық бұзушылар бұйрыққа бағынбағаннан кейін оларға қарата екі рет оқ атуға мәжбүр болған. Шабуыл жасағандардың біріне оқ тиген, өзгелері оны алып, Қазақстан аумағындағы елдімекенге қарай із жасырған" деп хабарлады Tengrinews.

Кейін жараланған адамның қаза болғаны, ол Жас өркен ауылында тұратын Қазақстан азаматы екені анықталған. Өзге күдіктілердің кім екені әзірше белгісіз екендігі, құқық органдарының оларды іздестіріп жатқаны туралы хабарланды.

XS
SM
MD
LG