Accessibility links

Сот Жанболат Мамайды қамаудан босатпады


Жанболат Мамайдың (оң жақта) адвокаты Жанар Балғабаева (оң жақтан үшінші) судьяға өтінішін оқып тұр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың (оң жақта) адвокаты Жанар Балғабаева (оң жақтан үшінші) судьяға өтінішін оқып тұр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық №2 сотында өтіп жатқан сотта судья Дәурен Мәукеев қамаудағы журналист Жанболат Мамайды қамаудан кепілге босатудан бас тартты.

14 тамызда басталған алғашқы сот отырысында Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева соттан Жанболат Мамайдың бірнеше ай қамауда отырғанын, абақтыда отырғанда денсаулығы нашарлағанын айтып, оны кепілге босатуды сұрады. Адвокат Мамайдың ешқайда қашып кетпеуіне жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Мұрат Әуезов, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин кепілгер болатынын айтты. Жанболат Мамай да өзінің жарты жылдан астам уақыт қамауда отырғанын айтып, адвокатының өтінішін қолдады.

Бірақ прокурор адвокат Мамай босап шықса ол тұратын үйде "оның қауіпсіздігіне кепіл жоғын" және оның "аса ауыр қылмыс жасауына" байланысты" оны босатуға қарсы болды. Судья Дәурен Мәукеев бұған дейін соттың Мамайды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесін шешіп қойғанын айтып, адвокат өтінішін орындаудан бас тартты.

Бұдан соң Жанболат Мамай әке-шешесі мен жұбайына өзіне қоғамдық қорғаушы мәртебесін беруді сұрады. Прокурор Мамайдың жұбайы Инга Иманбайдың тергеуде куәгер ретінде жауап бергеніне байланысты қоғамдық қорғаушы бола алмайтынын айтып, сот оны қолдады. Судья Мамайдың әке-шешесіне қоғамдық қорғаушы мәртебесін берді.

Келесі сот отырысы 18 тамыз күні сағат 11-ге белгіленді.

Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция:

"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.

XS
SM
MD
LG