Accessibility links

Астанада оқуға түсе алмағандардың ата-аналары тағы жиналды


Анибал Сыздықбаева, мектеп бітіруші жетім баланың асыраушысы. Астана, 14 тамыз 2017 жыл.

Астанада грантқа ілінбеген талапкерлерлердің он шақты ата-анасы 14 тамызда білім және ғылым министрлігінің алдына тағы жиналды. Жиналғандар өздеріне балаларының білім грантына неге ие бола алмай қалғанын әлі ешкім түсіндірмегенін айтады. Ата-аналардың бірі, 17 жастағы Санжар Халеловтің асыраушысы семейлік Анибал Сыздықбаева Санжар грант иегерлерінің тізімінен өзін көре алмаған соң "қатты қайғырғанын" айтады. Ол бағасы қымбат оқу ақысын төлеуге ақшасы жоғын, Санжар ата-анасынан айырылғанын айтады.

- Медакадемияға (Семейдегі медициналық академия) барғанымызда бізге оқуға түсу үшін жетімдер 50 балл бинаса жеткілікті екенін айтқан болатын. Ал ол 77 балл жинаған және түсетініне сенімді болған. Құжаттарын қайта жібереміз дейді. Бірақ құжаттары келді, ал өзі тізімде жоқ. Балаға мемлекеттен басқа кім көмектеседі. Кімге барарымызды білмейміз, - деді Анибал Сыздықбаева.

Ол білім және ғылым министрлігіне арыз жазғанын, бірақ ондағылар "жалтарма жауап" беретін шығар дейді.

Өткен аптаның соңында білім және ғылым министрлігі білім гранты иегерлерінің тізімін жариялаған болатын. Бұдан соң ондаған талапкер мен олардың ата-аналары ҰБТ-да өздерінен төмен балл алған көп талапкердің грантқа ие болғанын айтып, гранттың "әділетсіз бөлінгеніне" наразылық танытқан. 11-12 тамыз күндері министрлік қызметкерлері олармен кездесіп, министрдің атына арыз жазуды сұраған.

13 тамызда "Егемен Қазақстан" газеті қосымша 1478 білім гранты иегерлері бар қосымша тізім жариялады. Министрлік 10 тамыздағы тізімге ілілнгендердің гранты сақталатынын айтады.

Tengrinews.kz сайтының білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлзат Көшербаеваға сілтеме жасап хабарлауынша, биыл гранттар түлектердің "ҰБТ-дан жинаған балдарына сәйкес, жеңілдік категорияларын ескеріп тағайындалған және "Алтын белгі" иегерлеріне артық құқық берілмеген". Министрлік мәліметінше, грант саны төрт пайызға(1478) артқан.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі грантты ҰБТ-да жинаған балл бойынша, "Алты белгі" иегерлеріне басымдық бермей, ауыл квотасымен, жетім, мүгедек балаларға және басқа да жеңілдік категориясына енетін талапкерлерге ғана бөлу туралы заңнамаға өзгеріс енгізу жұмысын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG