Қырғызстан билігі содырлар қатарына адам тартты және экстремистер ұяшығын құрмақ болды деген күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) сілтеме жасап хабарлауынша, ұсталған адам бірқатар қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде болған және ТМД елдерінің бірінде жасырынып жүрген. Күдікті қылмысын мойындаған.
Өткен айда (МҰҚК) азаматтарды интернет арқылы экстремистік ұйымдар қатарына тартпақ болды деген күдікті екі қырғызстандықты ұстаған. Арнайы қызметтің мәліметінше, олар Сирияға екі адамды жіберіп үлгерген және олардың бірі ұрыс кезінде оққа ұшқан.
Ресми дерек бойынша, Ирак пен Сирия территориясында Қырғызстанның жүздеген азаматы соғысып жүр, ондаған адам терроризм және экстремизм айыбы бойынша жазасын өтеп жатыр.