Accessibility links

Беларусь оппозиционері "сырттай" 15 тәулікке қамалды


Николай Статкевич Минскідегі қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Беларусь, 3 шілде 2017 жыл.
Николай Статкевич Минскідегі қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Беларусь, 3 шілде 2017 жыл.

Беларусь соты оппозиция жетекшісі Николай Статкевичті сырттай 15 тәулікке қамауға шешім шығарды. "Весна" құқық қорғау орталығының 14 тамызда хабарлауынша, сот 9 тамызда Статкевичті 3 шілдеде Минскідегі рұқсат берілмеген акцияға қатысты деп айыптап, оның сыртынан қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бұдан өзге, 5 шілдеде Статкевичке 8 мамырдағы акцияға қатысқаны үшін мың беларусь рублі көлемінде (шамамен 580 доллар) айыппұл салынғаны белгілі болды. Ол акцияда оппозиционер 1944 жылы Минскіні азат ету кезінде қаза тапқан совет солдаттарына арналған әскери зиратқа гүл шоқтарын қойған болатын. Статкевич сол кезде Сталин мен Гитлердің режимдері өз елдерінде миллиондаған адамды құрбан еткені үшін бір-біріне өте ұқсас деп мәлімдеген.

Николай Статкевич қазір сот шешіміне қарамастан бостандықта жүр. Оппозиционер Азаттықтың Беларусь редакциясына берген комментариінде билікке өз еркімен берілмейтіні мәлімдеді.

Статкевич 2010 жылы президент сайлауына кандидатурасын ұсынып, елоді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенкоға қарсылас болды. Сайлаудан соң Статкевич президентті дауыс беру нәтижелерін бұрмалады деп айыптап, қамауға алынып, бес жыл түрмеде отырып шықты. 2015 жылы түрмеден босап шыққан соң ол Беларусьте "азаматтардың жақсы өмір сүруі үшін" саяси күресін жалғастыра беретінін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG