Accessibility links

Наразы тұрғындар Алматы прокуратурасына тағы жиналды


Наразы тұрғындар Алматы қалалық прокуратурасының алдында наразылық танытып тұр. Алматы, 15 тамыз 2017 жыл.
Наразы тұрғындар Алматы қалалық прокуратурасының алдында наразылық танытып тұр. Алматы, 15 тамыз 2017 жыл.

Тамыздың 15-і күні Алматының бір топ тұрғыны Алматы қалалық прокуратурасы алдына жиналып, прокуратура қызметіне наразылығын білдірді.

Қолдарына қала прокуроры "Ғабит Миразов қызметінен кетсін", "Прокуратураны диалогқа шақырамыз!", "Елбасы - араша" деген ұран жазылған плакат ұстаған он шақты тұрғын әртүрлі мәселелер бойынша соттасып жүргендерін, бірақ "ешқандай әділдік көрмей отырғанын" айтты. Олар "қала прокуратурасы жауап бергісі келмейтінін" айтып, оны отставкаға кетуді, болмаса өздерімен сөйлесуді талап етті.

Бұдан соң тұрғындарға шыққан прокуратура қызметкері оларды ішке бір кабинетке кіргізіп, оларды прокурор Ғабит Миразов емес, оның орынбасары Берік Жүйріктаевтің қабылдауына жеке-жеке кіргізе бастады.

Наразылық білдірушілердің прокуратураға шағымдары әртүрлі. Кейбірі заңды пәтерін қайтарып ала алмай жүргенін айтса, кейбірі "баласын өлтірген қылмыскерді бірнеше түрмеге ауыстырып, ақыры Ресейге тапсырды, шын мәнінде қылмыскер бостандыққа шығып кетті" деп есептейді.

Ғабит Миразов биыл ақпан айында Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған.

Наразылық білдірушілердің арасында өздерін "Әділет" қоғамдық ұйымының мүшесіміз деп таныстырушылар да болды. Бұл ұйымның мүшелері мен әрқилы әлеуметтік наразылығын білдіруші тағы да бір топ тұрғын "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы ғимаратына барып, наразылық акциясын жиі өткізетіні байқалады.

XS
SM
MD
LG