Accessibility links

Қасымов полицейлердің пышақтасқанына комментарий бермеді


Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі.
Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі.

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жамбыл облысындағы полиция басшыларының бір-бірін пышақтағанына қатысты журналистерге комментарий беруден бас тартты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Астанада сейсенбіде өткен үкімет отырысынан соң журналистер министр Қасымовтан Жамбыл облысындағы полицейлердің пышақтасқанына және Павлодар облысындағы полицейлердің топ адамды соққыға жығып жатқаны туралы видеоға қатысты комментарий беруді сұрамақ болған. Бірақ Қасымов "ресми сауалнама жолдаңыздар" деп қана қысқа қайырып, комментарий берместен кетіп қалды.

10 тамыз күні түнде Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті терроризмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Мұрат Үмбетәлиев департаменттің криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Бектұрғанов пен бұрынғы полиция қызметкері Жетпісбаевқа пышақ салып, жарақаттағаны хабарланған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицейлер бірігіп ішімдік ішкен соң кикілжіңге келіп, соңы жанжалға ұласқан. Екі полицей пышақтан жарақат алған.

Оқиғадан соң "кісі өлтіруге оқталу" фактісі бойынша қылмыстық ісқозғалып, Бектұрғанов қамауға алынған, Үмбетәлиевке іздеу жарияланған.

Бұған дейін жергілікті агенттіктер Павлодар облысында бірнеше полиция қызметкерінің төрт ер адамды соққыға жығып, таяқпен соғып жатқаны туралы видео жариялаған. Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 тамыз күні болған. Есенәлиев көшесінде ішімдік ішті делінген төрт адамды көлікке отырғызбақ болғанда олар қарсылық танытып, полиция күш қолданған. Видеода полицияның қарсылық танытқандарды таяқпен соғып, жүрелеп қорғанып отырған ер адамды басынан тепкені көрінеді. Ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік қызметі видеоны зерттеп, полиция құзыретін асыра пайдаланған деп тауып, бір полицей қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG