Accessibility links

Азаттықтың Оралдағы тілшісі өзін "арандатпақ болғанын" мәлімдеді


Санат Орын Әли, Азаттықтың Оралдағы тілшісі.
Санат Орын Әли, Азаттықтың Оралдағы тілшісі.

Азаттықтың Оралдағы тілшісі Санат Орын Әли "қасақана жасалған" арандатудан шыққан дауға ілінді. 11 тамыз түн ауа Орын Әлиді Оралда жергілікті "Уральская неделя" газетінің редакциясына жақын дүкен маңында екі жас жігіт "арандатпақ болып", бұл оқиғадан оқиғадан соң журналист күдікті ретінде полицияға шақырылған.

- Олар (бейтаныс екі жігіт - ред.) маған дөрекі бірдеңелер айтып, дауыс көтеріп, өктем сөйлей бастады, сосын жанжалдасып қалдық. Бұл бірер минутқа созылды. Олар сосын кетіп қалған. Сосын бірден медпунктке барып, ол жерден жараланғаны туралы анықтама алып, полицияға арыз жазыпты. Арызда менің жеке басыма қатысты деректерді, әкемнің атын жазып, Орын Әли Санат Малайұлынан зардап шектім деп көрсеткен, - деді тілші.

Оның сөзінше, журналист оқиға кезінде екі жігіттің бірін итеріп жіберген, екіншісіне қол көтермеген.

Абай полиция бөлімінің тергеушісі Елдар Жангереев бүгін Азаттыққа өзі жүргізіп жатқан іске қатысты ештеңе айта алмайтынын хабарлады.

Тілшіге қатысты істе жәберленуші ретінде танылған Оралдың 18 жастағы тұрғыны Сергей Бакасов Азаттыққа комментарий беруден бас тартты. Істегі екінші жәбірленуші Намик Байрамовпен сөйлесу мүмкін болмады, оның телефоны сөндіп тұр. Намик Байрамов жастар қанатын басқаратын "Уральско-Яикское казачество" қоғамдық бірлестігінің өкілі Анатолий Авилов Азаттыққа өткен демалыс күні болған оқиғадан хабарсыз екенін, бірақ Байрамовқа қатысты бірнеше шағым түскенін білетінін айтты.

- Жастарды тарта алатын қабілеті бары. Байрамовты тек жақсы деп сипаттай алмаймын. Бізде басқарма айдың соңында болады. Байрамовтың тәртібі туралы мәселені талқыға саламын, - деді Авилов Азаттыққа.

Санат Орын Әлидің адвокаты Руслан Шағатаев тергеу органдарына жәбірленуші деп танылған тараптардың іс-әрекетіне құқықтық баға беру туралы талап-арыз жазғанын айтты.

- Орын Әли күдікті ретінде танылған, ол Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлімі ("бұзақылық") бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Ол іс бойынша екі жәбірленуші бар. Бірақ олардың іс-әрекетінде арандату және заңға қайшы іс-қимыл белгілері байқалады. Тергеу органдарына жәбірленушілердің іс-қимылына құқықтық баға беруді сұрап талап-арыз түсірдік, - деді адвокат Шағатаев.

Санат Орын Әли кәсіби қызметіне бола осындай оқиғаға ұшырадым деп тұспалдайды.

- Соңғы уақытта бірнеше тақырып бойынша жұмыс істеп, зерттеу жүргіздім, құқық қорғау органдарына, прокуратураға сауалхаттар жолдадым. Әзірге мен нақты қай тақырыптың кімге тиіп кеткенін болжай алмай отырмын. Маған қарсы істегі екі жәбірленушінің бірі аудио жазбада маған мұның арандату екенін және сол күні олар маған әдейі келіп, мені төбелеске итермелемек болғанын айтып берді. Олар төбелестен соң менен қаржы өндіріп алу үшін менің үстімнен полицияға және азаматтық сотқа арызданбақ болған екен. Бұл менің журналистік қызметімді тоқтатуға тиіс болған, - деді Орын Әли.

Санат Орын Әли 2014 жылдан бері Азаттықтың Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі болып жұмыс істейді. Бұған дейін ол Алматы мен Астанада түрлі газеттерде жұмыс істеген. Санат Орын Әли БҚО Березовка ауылында оқушылардың жаппай есінен танып қалу оқиғаларына алғаш журналистік зерттеу жасап, "Зәрлі шындық" фильмін түсірген. Бұл фильм биыл Нью-Йорк халықаралық телевидение және кино фестивалінің шорт-листіне ілінген. Фильм биыл көктемде Прагадағы One World халықаралық фестивалінде де көрсетілген.

XS
SM
MD
LG