Accessibility links

Өзбекстан премьер-министрі Қырғызстанға барды


Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповты (сол жақта) Қырғызстан премьер-министрі Бішкек әуежайында күтіп алды. 16 тамыз 2017 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповты (сол жақта) Қырғызстан премьер-министрі Бішкек әуежайында күтіп алды. 16 тамыз 2017 жыл.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов бастаған делегация Қырғызстанға барды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, делегацияны Бішкек әуежайында Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, бірінші вице-премьер Мұхаммедқали Абулгазиев және сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев күтіп алды.

Жұмыс сапарымен барған Ариповты бүгін "Ала-Арча" резиденциясында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қабылдайды. Бұдан соң ол Сооронбай Жээнбековпен кездеседі.

Абдулла Ариповтың сапары барысында екі жақты ынтымақтастық пен шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы өтеді деп жоспарланған.

Бақылаушылар Қырғызстан мен Өзбекстан арасының қарым-қатынасы өткен жылдың күзінен қалпына келе бастады деп санайды. 2016 жылы 1 қазанда Қырғызстан вице-премьері Мұхаммедқали Абулгазиев бастаған делегация өзбек жағының шақыртуымен қырғыз-өзбек ынтымақтастығын дамыту және нығайту шараларына қатысу үшін Әндіжан облысына барған. Ал 26 қазанда Өзбекстан үкіметінің делегациясы Қырғызстанға барған.

Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның ұзындығы 1378 километрге жетеді, оның 230 километрі бойынша әлі келісім жасалмаған.

Ташкент өткен аптада Орталық Азияның өзге де елдерімен барынша тығыз ынтымақтастық орнату ниеті барын мәлімдеген. Ташкентте өткен конференцияда Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов ел басшылығы Орталық Азияны сыртқы саясатындағы басым бағыт деп білетінін, себебі Өзбекстанның кез-келген проблемасының шешімі аймақпен тікелей байланысты екенін мәлімдеген.

"Біз Орталық Азия елдерімен тең құқыққа ие және бір-бірінің мүдделерін ескеру принципі негізінде жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз. Ташкент конструктивті диалогқа, тіпті ең өзекті мәселенің өзін байыпты ымыраға келу түрінде іздеуге дайын" деді Азизов 11 тамызда.

XS
SM
MD
LG