Accessibility links

Өзбекстанда тағы бір "саяси тұтқын" түрмеден босады


Эркин Мусаев, 11 жыл түрмеде отырып шыққан Өзбекстан қорғаныс миинстрлігінің бұрынғы шенеунігі.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Өзбекстанда БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері және бұрынғы үкімет шенеунігі Эркин Мусаевтың 11 жыл отырған түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққанын хабарлады. HRW-тың 16 тамызда таратқан ақпаратына қарағанда, "азапталып, 11 жыл әділетсіз түрде түрмеде отырған" Мусаев бостандыққа 11 тамызда шыққан.

Ұйымның Мусаевтың туыстарына сілтеме жасап хабарлауынша, ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жарлығымен мерзімінен бұрын босатылған. Мусаев 2006 жылы қамалып, 2007 жылы "тыңшылық жасады" деген айыппен 20 жылға сотталған.

HRW президент Мирзияев "саяси себептермен айып тағылып, түрмеге жабылғандардың барлығын босатып, тұтқындардың, оның ішінде Мусаевтың азапталғаны туралы шағымдары шынайы тексерілуін қамтамасыз етуі тиіс" дейді.

"Эркин Мусаевтың босатылуы - оның өзі және отбасы үшін қуанышты жағдай, бірақ оның 11 жыл тартқан азабы оны азаптағандар сотқа тартылмай аяқталмайды. Мирзияев тұтқындарды азаптау түбегейлі тоқтатылып, оның құрбандары түгелдей тиісті өтемақысын алуын қадағаласын" дейді HRW-тың Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлоу.

50 жастағы Эркин Мусаев ӨЗбекстан қорғаныс министрлігінің халықаралық сауда департаментінде қызмет атқарып, үкіметтің Батыс елдерімен, оның ішінде АҚШ-пен ынтымақтастық орнату бағдарламаларына қатысқан. Өзбек билігі кейін оны бұл қызметі үшін "тыңшылық жасады" деп айыптаған. Мусаев 2006 жылы тұтқындалатын кезінде БҰҰ-ның есірткімен күрес жобасына араласқан.

HRW ұйымының мәліметінше, Мусаев - бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болып, орнына Шавкат Мирзияев президент атанғаннан бері босатылған бесінші саяси тұтқын. Мирзияев 2016 жылы күзде президент болып сайланған.

"Өзбекстан билігі сонымен қатар саяси себеппен және әділетсіз түрде сотталып, түрмеге жабылған басқа да белсенділерді және құқық қорғаушыларды дереу әрі ешқандай шартсыз босатуға тиісті" делінген HRW хабарламасында.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG