Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері алты журналистің үстінен азаматтық іс қозғалып, сотта қаралған. Бұл туралы Азаттыққа облыс прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Бейсембайұлы айтты.
Бақытжан Бейсембайұлының сөзінше, 2017 жылы алты журналистің үстінен шағым түскен.
- Талап-арызда адамның қадір-қасиеті мен ар-намысын қорлағаны үшін моральдық шығын өндіріп беру талап етілген. Сот бір талап-арызды қанағаттандырды. Екі талап-арыз екі жақтың татуласуына байланысты медиация тәртібімен, қалғаны дәлел табылмағандықтан қысқартылды, - дейді прокурор.
Журналистердің қай БАҚ өкілдерінен екені аталмаса да олар газет, телеарна қызметкерлері екені айтылды.
Прокурор 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында сегіз журналистің үстінен арыз түсіп, іс сотқа жеткенін айтады.