Accessibility links

Жедел медициналық көмектің жаңа ережесі бекіді


Жедел жәрдем көлігі (Көрнекі сурет).

Қазақстан билігі жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа тәртібін енгізді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жедел медициналық көмек көрсету ережелерін бекіту туралы бұйрығы бойынша, алғашқы медициналық көмекті дәрігерлер бригадасы жеткенше медициналық білімі жоқ адамдар да көрсетуі мүмкін. Бұйрықта сонымен қатар жедел жәрдем бригадасының түскен қоңыраудың шұғылдығына байланысты келіп жету уақыты да айқындалған.

Құжат бойынша, жедел жәрдем бригадасы жеткенше алғашқы медициналық көмекті полиция қызметкерлері, патруль қызметі, білім беру, транспорт қызметкерлері, өнеркәсіп орындарының, әлеуметтік салалардың жұмысшылары және басқалар да көрсетуі мүмкін.

Министрліктің хабарлауынша, жедел жәрдем бригадасы уақытына қарай 10 минут пен бір сағатқа дейінгі аралықта баратын шұғыл төрт категория бекітілген. Мысалы, "денсаулығы мен органдарының жұмысы кенеттен бұзылмаған және айқын білінбеген", денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төніп тұрмаған науқастар жедел жәрдем қызметін бір сағатқа дейін күтуі мүмкін. Бұл науқастарға жергілікті поликлиникалар жанындағы жедел медициналық бөлімшелер арқылы көмек көрсету жоспарланған.

Ереже бойынша, өміріне тікелей және аса қауіп туып тұрған науқастарға жедел жәрдем 10-15 минут аралығында жетпек. Ал денсаулығына аса қауіп төнбеген науқастар жедел жәрдемді 30 минутқа дейін күтуі мүмкін. Бұл категориядағы науқастарға жедел медициналық жәрдем станциясы қызмет көрсетеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG