Мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асырудың жеті айлық қорытындысына арналған жиында инвестиция және даму министрлігіне қарасты құрылыс ісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Азаттық тілшісіне тұрғын үй сапасына мердігер компания жауапты екенін айтты.
- Кез келген құрылыс нысанының кепілдік мерзімі бар. Кепілдік екі жылдан он жылға дейін беріледі. Мердігер өз қаражаты есебінен кеткен кемшіліктерді орнына келтіруі керек. Мысалы, құрылыста плитасы түсіп қалды, сантехникасы дұрыс болмай жатыр ма – орнына келтіру керек. Бірінші арыз беру керек. Егер мердігер кемшіліктерді түземей жатса, онда сотқа жүгінуге болады, - дейді Мархабат Жайымбетов.
Астана мен Алматыда көбінесе мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көп қабатты үйлердің сапасына қатысты дау ара-тұра туындайды. Көбіне аралық маусымдар мен қыста үйлердің шатырынан су өтуі, қабырғаларына сызат түсіп, жарылуы, уақыты жетпей апатты жағдайға түсуі жиі айтылады.