Accessibility links

Түркіменбашының "сұр кардиналы" түрмеде өлді


Ақмұрат Реджебовтің сирек суреттерінің бірі
Ақмұрат Реджебовтің сирек суреттерінің бірі

Адам құқықтарын қорғаушы топтың хабаралуынша, кезінде Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың қол астында ықпалды саясаткер ретінде танылған Ақмұрат Реджебов (Акмурад Реджепов) бір апта бұрын түрмеде қайтыс болған. Реджебов Ниязовтың қауіпсіздік қызметін басқарып, президент дүние салған соң көп ұзамай қамалып, соңғы 10 жыл бойы бір адамдық камерада отырған.

Мәскеудегі "Мемориал" құқық қорғау орталығының Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі Виталий Пономаревтің сөзінше, туыстарына Реджебовтің тамыздың 10-ында тромбоз дертінен өлгені хабарланған. Түркімен билігі марқұмның мәйітін отбасына сол күні табыстаған. Пономарев тамыздың 17-сі күні туыстары Реджебовтің жетісін бергенін айтады.

Генерал-лейтенант Реджебов өзіне "Түркіменбашы" деп ат қойып, жеке басына табыну культін қалыптастырған Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязовқа ықпалы күшті "сұр кардинал" ретінде сипатталатын. Ол 1985 жылдан бастап Ниязовтың күзет қызметінің басшысы болып қызмет атқарған. Түркіменстанның бұрынғы лауазымды тұлғалары Реджебовті қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхаммедовті Түркіменбашы дүние салған соң 2006 жылғы желтоқсанда билікке әкелуге бірден-бір себепкер адам деп санайды.

Бірақ Бердімұхаммедов 2007 жылғы 15 мамырда Реджебовті қызметінен алып тастаған. Қауіпсіздік басшысы көп ұзамай жемқорлық айыбымен үстінен іс қозғалып, қамауға алынған. Сол жылы шілдеде Реджебов 17 жылға сотталған болатын. Ресми өкілдер оның нақ қай түрмеде отырғанын айтпай келген. Бірақ бейресми мәлімет бойынша Реджебов Ашғабадтың сыртындағы Овадан-Депе түрмесінде отырған.

Реджебов "Тірі екенін дәлелде!" тізіміне енген 88 тұтқынның бірі еді. Бұл тізімді жасаған белсенділер Түркіменстан билігінен саяси себеппен сотталып, хабарсыз кеткен адамдар туралы ақпарат беруді талап етіп келеді.

XS
SM
MD
LG