Accessibility links

Журналист Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамады


Жанболат Мамайдың соты өтіп жатқан залдан көрініс. Сурет экраннан түсірілген. Алматы, 18 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың соты өтіп жатқан залдан көрініс. Сурет экраннан түсірілген. Алматы, 18 тамыз 2017 жыл.

Алматыда қамаудағы журналист Жанболат Мамайдың үстінен сот процесі жалғасты. Сотта мемлекеттік айыптаушы прокурор Мамайға ресми айыптау актісін оқыды.

Медеу аудандық №2 сотында жалғасқан сотта прокурор Жанболат Мамайдың Қылмыстық кодекстің 193-бабы бойынша "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру" айыбы тағылғанын айтты. Прокурордың сөзінше, БТА Банкінің бұрынғы басшысы, шетелде қуғында жүрген оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов банктен жымқырған қаржының бір бөлігін Жанболат Мамай редакторы болған оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы ізін жасырмақ болған.

Айыптау актісі бойынша, Әблязов 2011 жылы шетелде жүріп Мамайды өзінің жымқырған қаржысының ізін жасыру үшін тартқан. "2011-2014 жылдары Әблязов БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысып, тартқан. Жарымбетов Мамаймен Scype арқылы байланысып отырған және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған" делінген прокурор оқыған айыптау актісінде.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпаннан бері қамауда отыр. Мұхтар Әблязов бұған дейін өзіне қатысты мұндай айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Жанболат Мамайдың сотынан трансляция:

XS
SM
MD
LG