Accessibility links

Норвегияда Greenpeace кемесі мен экологтар ұсталды


Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының кемесі (Көрнекі сурет).
Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының кемесі (Көрнекі сурет).

Норвегияда наразылық акциясы кезінде Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының Arctic Sunrise кемесі мен ұйымның 35 белсендісі ұсталды деп мәлімдеді "Гринпис Россия" ұйымы. Ұсталғандар арасында ресейлік белсенді Татьяна Васильева да бар. Норвегияның жағалау күзеті кемені Тромсе портына сүйреп барады.

Акция Баренц теңізінде Statoil компаниясының күзетілетін мұнай платформасы аймағында болды. Белсенділердің кейбірі платформаға қайықпен барды. Норвегия үкіметінің Арктикада мұнай өндіру аумағын кеңейту жоспарына қарсы шыққан белсенділер бұрғылау платформасының жұмысын бірнеше сағат кідіртті. Экологтар акцияны Норвегия билігіне климаттың өзгеруінен зардап шегіп жатқан әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың үндеуін тапсыру үшін өткізді. "Төгілген мұнай мемлекеттік шекараға қарамайды" дейді ресейлік белсенді.

2013 жылы қыркүйекте Нидерланд туынорнатып алған Arctic Sunrise кемесі "Газпром" компаниясына тиесілі "Приразломная" мұнай платформасына барған. Ол кезде бірнеше белсенді бұрғылау құрылғысына шығып алып, Арктикада мұнай өндіруге қарсы акция өткізбек болған. Бірақ кемені Ресей шекара қызметінің қызметкерлері ұстап, Мурманскіге апарған. Командада болған барлық 30 адам тұтқындалған. Сол жылы желтоқсанда барлық эколог босатылған.

Биыл шілдеде Гаагадағы халықаралық арбитраж соты Ресей Arctic Sunrise кемесін тұтқындағаны үшін Нидерландыға 6,5 миллион доллар төлеуі тиіс деген шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG