Accessibility links

Ирак БҰҰ-дан ИМ қылмысын тергеуде көмек сұрады


Ирактағы босқындар лагерінде тұрып жатқан езид балалары (Көрнекі сурет).
Ирактағы босқындар лагерінде тұрып жатқан езид балалары (Көрнекі сурет).

Ирак БҰҰ-дан "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырлары істеді деген "адамзатқа қарсы қылмысқа" айғақтар жинауға көмек сұрады. Ирак сыртқы істер министрі Ибрахим әл-Джафари БҰҰ-ға жолдаған хатында Мосулды ИМ содырларынан азат еткен үкімет күштері жаппай кісі өлтіру, жыныстық қанау, археологиялық ескерткіштерді қирату сияқты қылмыстарға дәлелдер тапқанын айтады.

Ирак министрі Ұлыбритания халықаралық тергеу жүргізу мәселесі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қарар дайындауға көмектесетінін хабарлады. Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Джонатан Аллен екі елдің бірлесе жұмыс істеп жатқанын растап, "ДИАШ (ИМ-нің араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы) бас сауғалайтын орын қалдырмауды мақсат еткенін" айтты.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя Мәскеу қарарды қолдайтынына сендірді.

Британдық құқық қорғаушы, Ирактағы діни азшылық - езидтерді қорғап жүрген Амаль Клуни Ирак билігінің бұл әрекетін жоғары бағалады. ИМ содырлары езидтерді қырғынға ұшыратып, жыныстық құлдыққа салған еді. "Езидтер мен ИМ-нің өзге де құрбандары соттан әділеттілік күтеді" деді Клуни.

XS
SM
MD
LG