Финляндия полициясы Турку қаласында бірнеше адамның пышақталғанын хабарлап, қауіпсіздік шаралары күшейтілген кезде елдің батысындағы шаһарға бармай тұра тұруға шақырды. Соңғы ресми мәлімет бойынша шабуыл кезінде кемінде екі адам өліп, алтауы жараланған.
Полиция 18 тамызда жасалған қастандықтан соң бір күдіктінің тұтқындалғанын мәлімдеді. Ұстау операциясы кезінде атыс болған, іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Елдің премьер-министрі Юха Сипиля Twitter-де: "Үкімет Туркудағы жағдайды және жүріп жатқан полиция операциясын жіті бақылап отыр. Үкімет бүгін жиын өткізеді" деп жазды.
Фин полициясы Хельсинки әуежайы мен вокзалдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтты. Елдің қауіпсіздік қызметі Twitter-де: "Полиция Туркудағы қылмысты жалғастыруы ықтимал күдіктілерді іздеп жатыр. Олар халықтан Туркудың орталығына бармауды сұрайды" деп хабарлады.
Әзірше шабуыл жасаушы күдіктілердің кім екені, олардың мақсаты не болғаны белгісіз.