Accessibility links

Германия жазушыны Түркияға экстрадицияламауға шақырды


Жазушы Доган Аханли
Жазушы Доган Аханли

Германия Испаниядан Түркияның талап етуі бойынша осы елде ұсталған түрік текті германиялық жазушы Доган Аханлиді экстрадицияламауды сұрады. Германияның сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль 19 тамызда испаниялық әріптесінен Аханлидің консулдық көмек алуына рұқсат етуін өтінді.

Түркияда туған Аханли 1984 жылғы әскери төңкерістен соң бірнеше жыл түрмеде отырып, 1991 жылы Германияға көшкен. PEN жазушылар ұйымының германиялық бөлімшесі жазушы 1915 жылы Түркияда қырылған армяндар туралы жазбаларынан соң саяси қудалауға ұшырады деп мәлімдеді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясында бір жарым миллион армянның қаза табуын көптеген тарихшы мен бірнеше мемлекет "геноцид" деп таныған. Түркия бұл айыптауды жоққа шығарып, соғыс кезінде түрлі себеппен өлген армяндардың саны әлдеқайда аз болды деп айтып келеді.

Аханли Түркиядағы адам құқықтары ахуалын да сынап жазып тұрған. PEN-нің мәлімдеуінше, Аханлиге айыптар оның Түркиядан тыс жерлердегі белсенділігіне қатысты тағылған.

Dpa ақпарат агенттігі Аханлидің Германия азаматы екенін, Түркия азаматтығынан кезінде бас тартқанын жазады.

XS
SM
MD
LG