Түркияның президенті Тайып Ердоған өзін Германияда өтетін парламент сайлауына араласпақшы деп айыптаған Германияның сыртқы істер министрін сөкті. 19 тамызда Денизли тұрғындарының алдына шыққан Ердоған Зигмар Габриэльдің жеке басына тиісе сөйледі.
"Өз орнын білмейді. Түркияның президентіне қалай сөйлеп тұрсың? Орныңды біл" деді ол.
Бір күн бұрын Ердоған Германияда тұратын түріктерді қыркүйекте өтетін сайлау кезінде Христиан-демократтар партиясына, Социал-демократтар партиясына және Жасылдар партиясына қарсы дауыс беруге шақырған. Бұл саяси ұйымдарды "Түркияның дұшпандары" деп жариялаған.
Габриэль Ердоғанның бұл сөздерін бұрын-соңды болмаған түрде Германияның ішкі істеріне араласу деп бағалаған.
Германияда тұратын түріктердің бір миллионға жуығының дауыс беру хақы бар. Олардың көпшілігі биылғы сәуірде Түркияда өткен конституцияны өзгерту референдумында Ердоғанды жақтап шыққан.
НАТО-ға мүше бұл екі елдің қарым-қатынасы бір жылдан бері нашарлап кеткен. 2016 жылғы шілде айында Түркияда болған әскери төңкеріс жасау әрекеті кезінде 240 адам өлген еді. Ердоған төңкерісті АҚШ-та тұратын теолог Фетхулла Гүлен ұйымдастырмақ болды деп мәлімдеп, Берлинді Гүленнің жақтастарын қолдайды деп айыптаған. Теолог барлық айыптауды теріске шығарады.