Accessibility links

Ирак Талль-Афарды ИМ-нен қайтару операциясын бастады


Тааль-Афар түбіндегі ұрыс. Көрнекі сурет
Тааль-Афар түбіндегі ұрыс. Көрнекі сурет

Ирактың қауіпсіздік қызметі Тааль-Афар қаласын "Ислам мемлекеті" діни ультра-радикалдар тобынан қайтарып алу операциясына кірісті. Елдің премьер-министрі Хайдер әл-Абади 20 тамызда теледидардан үндеу жолдап, шабуылдың басталғанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде жарияланған жаңа видеода ирактық әскерилердің ұрысқа дайындалып жатқаны көрінеді.

Мосулдан 80 шақырым қашықта тұрған Тааль-Афарды исламшыл экстремистер бірнеше жыл бойы негізгі бекінісіне айналдырып алған. 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кірген соң сүнниттер мен шииттердің арасындағы ірі қақтығыстар да осы аймақта болған, ИМ-нің бірқатар жетекшісі деп осы өңірден шыққан.

Үкімет әскері Тааль-Афарды ИМ-нің қол астындағы территориядан биылғы маусымда кесіп тастап, оқшаулай қоршап алған. Қаланы қайтару операциясына әскермен бірге оңтүстіктегі шиит жасақтары мен солтүстіктегі Пешмерга күрд қарулы топтары қатысып жатыр.

АҚШ пен Ирактың әскери дерек көздеріне сәйкес Тааль-Афарда екі мыңға жуық ИМ содыры қалған. Араб әлемінде ДАИШ аталып кеткен радикалдар ұйымы Ирак пен Сирияның біраз аумағын үш жыл бұрын басып алған болатын. Биыл олар АҚШ бастаған халықаралық коалиция мен Ирак әскерінің қыспағына шыдамай екі елдегі территорияларынан және Ракка мен Мосулдағы үстемдігінен айырыла бастады.

XS
SM
MD
LG