Accessibility links

Барселонадағы шабуылға күдіктіні Еуропадан іздеп жатыр


Алканар қаласына кіреберіс жолда Барселонадағы шабуылға күдіктіні ұстау операциясы аясында жолды жауып тұрған полиция қызметкерлері. Испания, 20 тамыз 2017 жыл.
Алканар қаласына кіреберіс жолда Барселонадағы шабуылға күдіктіні ұстау операциясы аясында жолды жауып тұрған полиция қызметкерлері. Испания, 20 тамыз 2017 жыл.

Каталония аймақтық үкіметі Барселонада 17 тамызда көлікпен 13 адамды қағып өлтірді деген күдіктіні Еуропа елдерінде де іздеп жатқанын хабарлады.

Каталонияның үкіметінің ішкі істерге жауапты шенеунігі Йоахим Форн 21 тамызда адам қаққан шағын жүк көлігінің жүргізушісі Мароккодан шыққан 22 жастағы Юнес Абуякуб екенін "көп нәрсе айғақтайтынын" мәлімдеді.

"Бұл адамды Каталониядан ғана емес, бүкіл Еуропа елдерінде іздестіріп жатыр" деді Йоахим Форн. Испания билігі Абуякубтың Испаниядан Францияға өтіп кетуі мүмкін екенін анықтай алмай отырғанын айтады.

17 тамызда Испанияның курортты қаласы Барселонаның орталығында ақ түсті фургон көлігі жаяу жүргіншілерді әдейі басып өткен. Шабуылдан кем дегенде 13 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.

Ал 18 тамызға қараған түні Барселонадан 135 километр қашықтықтағы курортты Камбрильс қаласының портында екінші шабуыл жасалған. Шабуылдаушылар әуелі жаяу жүргіншілерді соғып өткен, кейін полициямен атысқан. Шабуылдаушылардың төртеуінің сол жерде көзі жойылған.

20 тамызда полиция күдікті террорлық топтың мүшесі делінген 12 адамның біреуі - Абуякубтың ғана ұстатпай жүргенін хабарлаған. Күдіктілердің бесеуіКамбрильсте көзі жойылып, төртеуі қолға түскен. Қалған екеуі Алканар қаласында көп қабатты үйде болған жарылыстан қаза тапқан. Билік мұнда күдіктілер шабуыл жасамақ болған дейді.

XS
SM
MD
LG