Accessibility links

Шымкенттік мұғалімдер әріптестерін заңсыздықпен күресуге шақырды


Мұғалімдер Баян Сәбден (сол жақта) мен Меңдіқыз Малдыбаева баспасөз мәслихатында отыр. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.
Мұғалімдер Баян Сәбден (сол жақта) мен Меңдіқыз Малдыбаева баспасөз мәслихатында отыр. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.

Бүгін Шымкентте Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданынан келген екі мұғалім баспасөз мәслихатын өткізіп, мектеп мұғалімдерін ашық пікір айтуға, мектептегі заңсыздықтарға үнсіз қалмауға шақырды.

«Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихатында сөз алған Сарыағаш ауданындағы Бигелдинов атындағы мектептің бұрынғы мұғалімі Меңдіқыз Малдыбаева "мектептегі күрделі және ағымдағы жөндеуге мұғалімдерден ақша жинауға және жөндеу жұмыстарына мұғалімдерді тартуға қарсы шыққаннан соң басы даудан арылмағанын" айтты.

«Қудалаудың соңы «оқушыны ұрып, денсаулығына зақым келтірдің» деген желеумен әкімшілік жазаға тартылып, жеті күнге қамау және жұмыстан босатумен аяқталды. Бірақ мектеп директорының заңсыз әрекеттері туралы жазған шығымым негізінде қылмыстық іс қозғаудан қаржы полициясы бас тартты. Оны облыс прокуратурасы қолдады. Жақында бұл шешімнің күшін бас прокуратура күшін жойды. Қазір тергеу жүріп жатыр» дейді Меңдіқыз Малдыбаева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мұғалімнің сотында аудио және видео жазбаға рұқсат етпеді

Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Баян Сәбден де мектептегі заңсыздықтар мен ақша жинау, орынсыз жұмысқа тартуға қарсы шыққаны үшін айыпты болғанына қынжылады. Оның айтуынша, бүгінде жазылған арыз негізінде емес оны жазған адамды қудалаумен жұмыс жасалынды.

«Орынсыз ақша жинау, заңсыз жұмысқа қабылдауға қарсы шықтым. Жергілікті әкімдік пен білім бөліміне арыздандым. Ешбірі мектеп директорына шара қолданбады. Мектеп директоры ізіме түсіп, оқушылардың ата-аналарына арыз жаздырып, сотқа шағым түсірді. Төрт рет соттастым. Бәрінде жеңіп шықтым» дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мектеп директоры мұғалімдерге ақша жинатқанын мойындайды

Баспасөз мәслихатына облыстық білім басқармасы, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне шақырту жіберілгенімен, ешкім қатыспады,тек үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ғана келді.

Қазақстанда мұғалімдер мектеп директорлары мен әкімдіктердегі білім бөлімдері шенеуніктерінен көретін қысымдарын айтып кейінгі жылдары жиі шағымдана бастаған. Олар педагогикалық міндеттерінен тыс түрлі қара жұмыстарға, сенбіліктерге, сайлау кезіндегі шараларға мәжбүрлеп жұмсауға, мектеп әкімшіліктері тарапынан болатын түрлі ақша жинау, мәжбүрлеп газет-журналға жаздыру, билет алғызу сияқты жөнсіз әрекеттерге наразы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Тәуелсіз мұғалімдер» құқықтарын бірігіп қорғауға көшті

Кейінгі жылдары мұғалімдер арасынан осындай заңсыз мәжбүрлеу оқиғаларына қарсы белсенді мұғалімдер шығып, олар өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болған. Белсенді мұғалімдер әлеуметтік желілерде бірігіп, бір-бірінің құқығын қорғауға жәрдемдесе бастаған.

XS
SM
MD
LG