Accessibility links

Алматыда борышкерлер жоспарлы құрылтайын өткізе алмады


Құрылтай өткізуге "Астана" қонақүйінің алдына жиналып тұрған борышкерлер. Алматы, 22 тамыз 2017 жыл.
Құрылтай өткізуге "Астана" қонақүйінің алдына жиналып тұрған борышкерлер. Алматы, 22 тамыз 2017 жыл.

Алматыда сейсенбіде борышкерлердің жоспарлаған республикалық құрылтайын өткізе алмай жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі Арзыгүл Телебаеваның Азаттыққа айтуынша, борышкерлер құрылтайды әуелде бүгін сағат 11-де "Астана" қонақ үйінің залында өткізбек болып, күнібұрын қонақүй басшылығымен келіскен. Борышкерлер құрылтайда өздерінің "экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық пен бірнеше девальвация салдарынан қиын жағдайға ұшырағанын" айтып, несиеге алған үйлерінің қарызын төлей алмай жүргеніне биліктің назарын аудармақ болған. Құрылтайға Алматыдан және бірнеше облыстан 50-ден астам адам жиналған.

Бірақ кеше кешке таман борышкерлерге қонақүй өкілдері хабарласып, құрылтайды өткізуден бас тартатынын ескерткен.

- Қонақүй залының шатыры ортасына түсіп кетті, қонақүйдің астыңғы қабатын су алып кеткеніне байланысты жиын өткізе алмайсыңдар деп хабарлады, - дейді Арзыгүл Телебаева.

"Астана" қонақүйінің аты-жөнін атамаған өкілдері Азаттыққа "қонақүйдің астыңғы қабатында кәріз жүйесінде ақау шығып, су алып кеткенін" растағанымен, бастықтары "демалыста жүргенін" айтып, басқа ақпарат бермеді.

Бұдан соң борышкерлер "әлде бір себеппен орын табылмай қалған жағдайда" құрылтай өткізуге қосымша келісіп қойған Қонаев атындағы университетке бармақ болған. Бірақ сол мезетте Арзыгүл Телебаеваға Қонаев атындағы университеттен де хабарласып, ол жерде "құрылтай өткізбеу туралы құзырлы органдардан пәрмен түскенін" жеткізді.

Бұдан соң борышкерлер жиналып, Әйтеке би көшесі мен Панфилов көшесінің қиылысындағы Қазақстан Ұлттық банкі ғимаратына қарай кетті.

XS
SM
MD
LG