Accessibility links

Журналист Мамай сотта Жарымбетовтің "көмегі "туралы айтты


Жанболат Мамай сот залында отыр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамай сот залында отыр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Алматыда өтіп жатқан сотта сейсенбіде қамаудағы журналист Жанболат Мамай жауап бере бастады. Мамайға шетелде қуғында жүрген оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтің "БТА Банктен жымқырған қаржысының бір бөлігінің ізін газет басып шығару арқылы жылыстатты" деген айып тағылған.

Медеу аудандық №2 сотында өтіп жатқан процесте Жанболат Мамай бұл іс бойынша куәгер, БТА Банкі басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовпен қалай танысқаны, оның газетті шығарудағы рөлі туралы айтты.

Мамай сотта Мұхтар Әблязовпен таныс емесін және онымен ешқашан кездеспегенін айтты. Мамайдың сөзінше, ол Жарымбетовпен 2013 жылы ақпанда интернет арқылы танысқан, сол жылдың мамыр айында Венада Жарымбетовтің ұсынысы бойынша онымен кездескен. Жақсылық Жарымбетов БТА Банк мемлекетке өткен соң Қазақстаннан кетіп қалып, Еуропада тұрған. Ал биыл қаңтарда Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланып, маусымда банк қаржысын жымқырды деген айыппен бес жыл шартты мерзімге сотталған.

Жанболат Мамайдың айтуына қарағанда, Жарымбетов "Трибуна. Саяси қалам" газетіне қаржылай көмек көрсетуді өзі ұсынған. Журналист сотта 2012 жылдан шыға бастаған газет қаржылай қиындықтарға ұшырағандықтан Жарымбетовтен қаржылай көмек алғанын айтты. Ол Жарымбетовтен қаржылай көмекті үнемі алмағанын жеткізді. Бірақ ол қандай ақша екенін айтпады.

- Иә, ол (Жарымбетов) қаржылай көмек көрсетті. Қаржы жымқыру болмағанын тағы да айта кеткім келіп отыр. Бұл қаржыны "Трибуна" газетін шығаруға пайдаландық. Жарымбетов оны тәуелсіз басылымға қолдау ретінде берді... Кез-келген газеттің демеушілерден көмек алуға құқығы бар және ол заңға қайшы емес, - деді Мамай.

Мамайдың сөзінше, Жарымбетов газетке "Қазақстанда еркін әрі тәуелсіз газеттің қиындықсыз жарияланып тұруы мақсатында ғана" көмектескен, қаржылай көмегіне ешқандай қайтарым талап етпеген.

- Трибуна. Саяси қалам" газеті ешқандай қаржылай пайда әкелмеді. Өзінің шығынын ғана жауып тұрды, қаржы баспахана шығынын төлеуге, қызметкерлер жалақысына ғана жетіп тұрды. Мен қосымша украиналық басылымда, "Дат" басылымында мақала жазып, қаламақы алып жүрдім. "Трибунадан" ешқандай қаржылай пайда көрмедім, - деді Жанболат Мамай.

Жанболат Мамай Жарымбетовтің "саясатан алыс адам екенін", "оның газетке шын ниетімен көмектескісі келгенін" айтты. Журналистің сөзінше, ол Жарымбетовпен 2013-2014 жылы байланысып тұрған. Ол 2015 жылы газет өз шығынын өзі ақтайтын жағдайға жеткенін, Жарымбетовпен соңғы екі жылда мүлдем байланыс болмағанын айтты.

Жанболат Мамай сотынан тікелей трансляция:

XS
SM
MD
LG