Accessibility links

Бішкек соты оппозициялық "Сентябрь" телеарнасын жапты


"Сентябрь" телеарнасының хабары (Көрнекі сурет).
"Сентябрь" телеарнасының хабары (Көрнекі сурет).

Бішкектің Первомай аудандық соты "Сентябрь" телеарнасының жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Оған Ош облыстық ішкі істер басқармасының бұрынғы басшысы Әбділда Қапаровтың тікелей эфирде сөйлеген сөздері себеп болған.

"Сот бас прокуратураның "Сентябрь" телеарнасына қарсы шағымын қарап, 2016 жылдың 29 қыркүйегінде эфирден экстремистік пиғылдағы хабар көрсетілгенін растайды. Телеарнамен қоса, www.september.kg сайтының жұмысына да тыйым салынсын" деп жариялады судья Жұлдыз Жұмабаева.

Әбділда Қапаров тікелей эфирден Араванда мектептің ашылуы кезінде Өзбекстан әнұранының орындалуын ұлтараздық алауыздық туғызды деп мәлімдеген. Ол эфирде 2010 жылы маусым оқиғасы кезінде тұрақтылықты сақтауға бөлінген 3 миллион долларды жымқырды деп Сооронбай Жээнбеков пен Асылбек Жээнбековті айыптаған. Осыдан кейін бас прокуратура бұл хабарға қатысты сотқа арыз түсірген.

Телеарна басшылығы соттың шешімімен келіспейтінін айтып, жоғары инстанцияларға шағымданатынын мәлімдеді.

Қазір Ош облыстық ішкі істер басқармасының бұрынғы басшысы Әбділда Қапаров Нарын қаласындағы жалпы қоныстану мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оны биыл 21 маусымда Ош облыстық соты ағайынды Жээнбековтердің абыройына нұқсан келтірді деп айыптап, 4 жылға соттаған.

"Сентябрь" телеарнасы "Ата мекен" партиясының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевқа тиесілі. Ол таяуда "аса ірі көлемде пара алды" деп айыпталып, 8 жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG