Теміртауда 22 тамыз күні кешке қоршаған орта мен азаматтар денсаулығына әсер ететін экологиялық жобаны талқыға салған кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Жиналған тұрғындарға "АрселорМитталТеміртау" компаниясының металлургия комбинатындағы агломерациялық цехтың шаң-тозаңнан тазалау құрылғысына реконструкция жасау нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды қалдық азайтылып, металлургтердің еңбек жағдайы жақсаратын айтылды.
- Бұл жобаға компаниядан бір миллион доллардай қаржы бөлінді. Жобаның басты мақсаты - зиянды қалдықтарды азайту, қаладағы, зауыт территориясы мен жұмыс орындарындағы ахуалды жақсарту. Шаң-тозаң кәдімгідей азаяды, - деді тыңдау кезінде жоба жетекшісі Бейбіт Ақылбеков.
Кәсіпорындағы совет заманынан бері жұмыс істеп келе жатқан ескірген құрылғылардың жаңа және заманауи құрылғыларға ауыстырылатыны айтылды. Компания сонымен қатар сулап тазалау жүйесінің құрғақтай тазалау жүйесіне ауыстырылатынын және су нысандарына, Теміртаудың кәріз жүйесіне қалдық төгілмейтінін, кәсіпорынның технологиялық қажеттіліктеріне жұмсалатын су көлемі азаятынын айтады.
Компания жобаны қоғамдық тыңдау өткізбей жүзеге асыра алмайды. Компания өкілі "Тұрғындар мен қоғам өкілдері жобаны іске асыру процесіне бақылау жасай ала ма?" деген сұраққа бұған ынталылар компанияға тиісті өтініш жазса бақылау жасай алатынын айтты.
Бұған дейін Теміртау тұрғындары қаланы күйік исі сезілетін түтін басып тұратынына шағымданып, ол туралы петиция да жазған болатын. Бірақ қоғамдық тыңдауға реакция білдіргендер аз болды. Кейбір тұрғындар қоғамдық тыңдау туралы естімегендерін айтса, кейбіні оны пайдасы аз шара деп біледі.