Accessibility links

Белсендіні "жер комиссиясында сөйлегені үшін" сотқа берді


Белсенді Айдын геубаевтың (оң жақта) ісі бойынша сот басталар қарсаңында. Астана, 23 тамыз 2017 жыл.

Астаналық азаматтық белсенді Айдын Егеубаев Н.Н.Биялдилов деген азаматтың "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын және "Бәтуа" компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты" деп айыпталды. Шағымданушылар соттан белсендіден 87 миллион теңге (шамамен 261 мың доллар) материалдық шығын мен моральдық зардап ретінде тағы бір миллион теңге (шамамен 3 мың доллар) өндіріп беруді талап етеді.

Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты қорғаушының сұрауы бойынша Айдын Егеубаевтың азаматтық ісін қарауды Алматы аудандық №2 сотына беруге шешім шығарды.

Айдын Егеубаев Азаттыққа адвокат Тұрсынтай Амралиновтың шағымында көрсетілгендей ешқайда ешнірсе жарияламағанын, тек өткен жылы жер комиссиясы кезінде сөйлегенін айтты.

- Депутат Сабильянов (мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновты айтады) сол отырыста маған "Сен мемлекеттік органдарға жүгін, тексерсін" деген. Мен жүгіндім. Мемлекеттік органдарға жүгіну - менің құқығым, оған ешкім тыйым салмайды. Олар мені өздеріне проблема, тексеріс тауып берді деп көрсеткісі келеді. Прокурорлар заңды түрде тексергенімен, олар енді менің мойныма ілгісі келеді, - дейді Айдын Егеубаев.

Белсендінің мүддесін қроғаушы заңгер Антон Фабрый оған қарсы істің саяси астары бар және "елдегі жер қатынастарына қатысты мәселеде батыл сөйлеп жүрген азаматтың үнін өшіргісі келеді" деп біледі.

Жеке айыптау шағымында Newtimes.kz сайтында "қытайлықтар Қазақстан жерін ендігі иеленіп алғаны туралы" мақала шыққаны айтылады. Шағымда сонымен қатар "Бәтуа" компаниясын құрушылар қатарында Қытай азаматы жоғы" да айтылады. Шағымданушы белсенді компанияда қытайлық азаматы барын айтып, компания беделіне нұқсан келтірді дейді.

Шағымданушының адвокаты Тұрсынтай Амралинов Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.

Өткен жылы желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында соя өсірумен айналысатын "Бәтуа" компаниясының өкілдері Егеубаевтың үстінен абыройы мен қадыр-қасиетін, іскерлік беделін қорғау және моральдық зардапты өтеу туралы азаматтық шағым түсірген болатын. Бірақ Астананың Алматы аудандық соты ол шағымды қараудан бас тартқан.

Бұл шағымнан бірнеше ай бұрын белсендімен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазір Ақтөбе облысын басқаратын Бердібек Сапарбаев та соттасқан. Шағым жасауға Егеубаевтың YouTube порталында жариялаған бейнежазбасы себеп болған. Сапарбаевтың пікірінше, жазбадағы мәліметтер оның намысы мен абыройына нұқсан келтіреді. Бейнежазбада Шығыс-Қазақстан облысының "Бәтуа" компаниясының да аты аталады.

Сот өткен жылдың қазан айында Егеубаевтан Бердібек Сапарбаевтың пайдасына оның абыройы мен намысын қорғау жөніндегі шағым бойынша 100 мың теңге (шамамен 300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл өндіру және Сапарбаев туралы ақпаратын терістеу туралы шешім шығарған болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG