Accessibility links

Мәскеу соты Серебренниковті үйқамаққа алғызды


Театр режиссері Кирилл Серебренников. Мәскеу, 23 тамыз 2017 жыл.
Театр режиссері Кирилл Серебренников. Мәскеу, 23 тамыз 2017 жыл.

Мәскеудің Басманный соты 23 тамызда "қаржылық алаяқтық жасады" деп айыпталған "Гоголь-центр" театрының көркемдік жетекшісі Кирилл Серебренниковті үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі сот залынан хабарлады.

Серебренниковтің адвокаты Дмитрий Харитонов қорғауындағы азаматты қылмыстық істе көрсетілген көлемдегі кепіл ақшаға босатуды сұраған. Тергеу тарабы үйқамаққа алуды талап еткен.

Кирилл Серебренников сейсенбі күні Санкт-Петербургте ұсталып, Мәскеуге жеткізілген. Тергеушілер режиссерді "Седьмая студия" театр тобына бөлінген "68 миллион рубльді талан-таржы етті, айғақтарды жойып жіберуге тырысты" деп айыптайды.

Серебренников өзіне тағылған айыптарды теріске шығарады. Режиссерді белгілі ресейлік мәдениет пен қоғам қайраткерлері қолдап шықты. Сәрсенбіде сот отырысы өткен ғимаратқа оның бірнеше жүз жақтаушысы келді.

"Седьмая студия" ісі бойынша күдікті деп жарияланғандардың ішінде бухгалтер Нина Масляева мен бас директор Юрий Итин, "Гоголь-центрдің" бұрынғы жетекшісі Алексей Малобродский бар. 9 тамыз күнгі сот отырысында Масляева Серебренников пен Малобродскийді "2014 жылы бюджеттен бөлінген қаражатты иемденіп кетті" деп айыптаған. Ал сәрсенбі күні Басманный сотында өткен жиында тергеушілердің бірі "Итин де Кирилл Серебренниковты айыптап шықты" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG