Accessibility links

Қазанда Навальный штабының басшысы 10 тәулікке қамалды


Эльвира Дмитриева, оппозиционер Алексей Навальныйдың Қазандағы сайлауалды штабының басшысы.
Эльвира Дмитриева, оппозиционер Алексей Навальныйдың Қазандағы сайлауалды штабының басшысы.

Ресейдің Қазан қаласының соты ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жергілікті сайлауалды штабының басшысы Эльвира Дмитриеваны 10 тәулік әкімшілік қамауға алды деп хабарлады Азаттықтың Татар редакциясы - Idel.Реалии сайты. Дмитриева 23 тамызда тұтқындалған.

Дмитриева митинг өткізу ережелерін екінші рет бұзды деп айыпталған. Полиция белсенді қалада Навальныйды қолдайтын үгіт-насихат парақшаларын таратуға шақырып, заң бұзды деп санайды. Дмитриеваның өзі айыбын мойындамады.

Эльвира Дмитриева бұған дейін де 26 наурызда Қазанда коррупцияға қарсы митингіге қатысқаны үшін мәжбүрлі жұмыс істеу және 10 мың рубль айыппұл төлеу жазасын алған.

Алексей Навальный Ресейде 2018 жылы өтетін президент сайлауына қатыспақ ниетте. Навальныйды президенттікке ұсынуды 600 мыңға тарта адам қолдап, 150 мыңдай адам оған ерікті ретінде қызмет көрсетуге тілек білдірген. Соңғы айларда Ресейде Навальныйдың жақтастарына қысым көрсетіліп, қоқан-лоқы жасала бастады.

Ресей Орталық сайлау комиссиясы сот Навальныйды қаржы жымқырды деп айыптағандықтан оны тіркей алмайтынын айтады.

XS
SM
MD
LG