Accessibility links

Біртанов абитуриенттердің "грантын ауыстырып жіберу" жайын түсіндірді


Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлмқұловты қоршап алған ата-аналар мен оқушылар. Астана, 11 тамыз 2017 жыл.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлмқұловты қоршап алған ата-аналар мен оқушылар. Астана, 11 тамыз 2017 жыл.

Астанада Ұлттық тес орталығының алдына бір топ ата-ана мен білім грантына ие болған абитуриенттер өздерін қалауы бойынша түскен университетке оқуға қабылдауын талап етіп жиналды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Игілік Алмат есімді азаматтың Азаттыққа айтуынша, мектепті "Алтын белгіге" бітірген қарындасы Шәкизада Ерік 10 тамызда жарияланған білім гранты иегерлерінің тізімі бойынша Астанадағы Медицина университетіне оқуға түскен. Бірақ 14 тамызда қосымша гранттар бөлініп, жаңартылып шыққан тізім бойынша оны Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне "биология" мамандығына ауыстырып жіберген.

- ҰБТ-дан 110 балл жинап, алғашқы тізім бойынша Астанадағы Медицина университетіне түскенбіз. Бірақ 14 тамыз күнгі тізім бойынша ҚазҰУ-ге ауыстырып жіберіпті. Сосын 15 тамыз күні осы жерге келдік. Ол кезде Әлімқұлов (Ұлттық тест орталығының басшысы Рамазан Әлімқұловты айтады - Ред.) журналистерге сұхбат беріп, "Алтын белгі иегерлерінің гранты қайтарылады деген. Қолымызға грант тағайындалғаны туралы анықтама беріп, сонымен Астанадағы медицина университетіне барсаңдар оқуға қабылданасыңдар деген. Барсақ, ол анықтамамызды жарамсыз, сендер Алматыға түсіпсіңдер деп қайтарып жіберді. Біз алғашқы түскен мамандығымыз бойынша оқығымыз келеді, деді Алмат Игілік.

Кеше жергілікті БАҚ-та Алматыда медициналық университетке грантпен оқуға түскен 200-ден астам "Алтын белгі" иегерін грантпен оқуға қабылдамай жатқаны хабарланған еді.

Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов бүгін журналистерге сұхбатында білім және ғылым министрлігі Алматы мен Астанадағы медициналық жоғары оқу орындарына түсуге бөлінген 220 гранттың күшін тоқтатқанын растады. Оның сөзінше, биыл медициналық мамандықтар бойынша грантқа ие болғандардың көпшілігі Алматы мен Астанадағы университеттерге құжат тапсырған. Бірақ бұл университеттер биыл шектен тыс студент қабылдай алмайды.

Әлімқұлов денсаулық сақтау министрлігі қазір аталған грант иегерлеріне басқа қалалардағы университеттерде оқуды ұсынып, келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

Ал денсаулық сақтау миинстрі Елжан Біртанов биыл медициналық мамандықтарға 3150 грант бөлінгенін және оларға ие болғандардың көпшілігі Алматы мен Астанадағы университеттерге құжат тапсырғанын айтты.

- Биыл Алматы мен Астанадағы медициналық университеттерде орын тығыз болып жатыр. Астана медицина университеті жыл сайын 600 студент қана қабылдайтын. Биыл мемлекеттік комиссия шешімі бойынша 900 адам қабылдау керек. Оларды қабылдау үшін енді қосымша оқытушылар, материалдар алу керек. 900 адамды қамтитындай мүмкіндік жоқ. Біз енді абитуриенттерге Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкенттегі университеттерде оқуды ұсынып жатырмыз, - деді Біртанов.

Министрдің сөзінше, мемлекет абитуриенттердің грантпен тегін оқуына мүмкіндік бергенімен, университетті таңдауына ерік бере алмайды.

Биылғы мемлекеттік білім гранттарын тағайындауда бұған дейін де дау туған. Тамыздың 11-інде мектеп түлектері мен олардың ата-аналары "ҰБТ-да жоғары балл жинаса да, білім грантын неліктен алмағандарын, өздерінен төмен балл жинағандардың неліктен грант алып кеткендерін сұрап" министрлік алдына жиналған болатын. Наразылықтан соң білім және ғылым министрлігі қосымша 1500-ге жуық білім грантын бөлген.

ВИДЕО: Жоғары баллмен гранттан қағылғандар наразылығы (11.08.2017)

Жоғары бағамен гранттан қағылғандар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

XS
SM
MD
LG