Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығына" қатысты іс бойынша үкім шықты


Ақтөбе облысының картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе соты "мұнай ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсетті" деген айыппен "Арлан" арнайы жасағы командирінің орынбасары Кенжеғали Бүркітовке үкім шығарды. Ақтөбе соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, "қылмысты топқа қамқор болған" Кенжеғали Бүркітов алты жылға бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркіленбек.

Соттың мәліметінше, арнайы жасақ жетекшісі "мұнай ұрлаушылар мінген көліктердің Темір ауданынан облыс орталығына еш кедергісіз жетуін қамтамасыз еткен" және ол қызметі үшін ұйымдасқан қылмыстық топтан ай сайын екі миллион теңге сыйақы алып отырған. Тергеу материалында арнайы жасақ сарбазына сыйақыдан бөлек BMW X6 автокөлігінің сыйға берілгені туралы да мәлімет бар.

"Мұнай ұрлығымен айналысқан" қылмыстық топ 2016 жылғы сәуір айында қолға түскен. "Топқа жетекшілік етті" деп айыпталған Мирболат Нияров - Темір ауданының тұрғыны. Тергеу оған Қылмыстық кодекстің алты бірдей бабы бойынша айып таққан.

Тергеу материалдарына қарағанда, құрамында бес адамы бар қылмыстық топ "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Темір ауданындағы кенішінен мұнай ұрлап, оны жалған құжаттармен өткізген. Кеніштен қолды болған 4433,6 тонна мұнай 192 миллион 205 352 теңге деп бағаланған.

Сот Мирболат Нияровты он жылға бас бостандығынан айыру, жеке мүлкін тәркілеп, екі миллионға жуық айыппұл төлеуге үкім кесті. Қылмыстық топтың өзге мүшелеріне 5-7 жылдық түрме жазасы кесілді. Сот үкімімен мемлекет пайдасына қылмыстық топ мүшелерінен 17 КамАЗ, екі жанармай бекеті, пәтер, үй, жер учаскелері, төрт Lexus, үш Toyota көліктері мен BMW маркалы бір көлік тәркіленген.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

XS
SM
MD
LG