Accessibility links

Мамай сотына Жарымбетов қайта шақырылатын болды


Жанболат Мамай сотта отыр. Алматы, 21 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамай сотта отыр. Алматы, 21 тамыз 2017 жыл.

24 тамызда Алматының Медеу аудандық 2-сотында оппозициялық журналист Жанболат Мамайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі тағы жалғасты.

Сот отырысы басталар алдында Жанболат Мамай қоғамдық белсенділермен әйнек қоршау ішінде отырып сөйлесуге мүмкіндік алды. Судья Дәурен Мәукеев келгеннен кейін Жанболат Мамайдың адвокаттары Жанар Балғабаева мен Мәдина Бакиева бірнеше өтініш жасады.

"Тасжарған" газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапиды куәлікке тарту туралы адвокаттардың өтініші тағы да қаралып, оған қарсы болған прокурорды судья да қолдады. Адвокат Жанар Балғабаеава Ермұрат Бапи Қазақстандағы сирек оппозициялық басылым жетекшісі ретінде "Трибуна. Саяси қалам" газетінің жұмысын сипаттап бере алатынын айтқан еді.

Жанар Балғабаева тағы бір ұсыныс жасап, Жанболат Мамайға тағылған айыпта қолданылатын "кіріс", "ақшаны заңдастыру" терминдерін халықаралық құқықтық нормалар бойынша түсіндіріп беру үшін Украинадан танымал құқық қорғаушылардың бірін шақыруды сұраған. Бұл өтінішке де прокурор мен судья қарсы болды.

Бүгінгі сот отырысында Жанболат Мамай адвокаттарының бір өтініші, яғни БТА Банк басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовті куәлікке қайта шақырып, тағы да жауап алуды сұраған өтініші қанағаттандырылды.

Жақсылық Жарымбетов, БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары.
Жақсылық Жарымбетов, БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары.

Жақсылық Жарымбетов осыған дейін сотқа куәгер ретінде жауап берген. Жанболат Мамайға ақша бергенін растаған ол "елге тәуелсіз БАҚ керек деп санағандықтан көмектескенін" айтқан.

Жақсылық Жарымбетов Мұхтар Әблязовтың "БТА Банк қаржысын жымқыру ісі" бойынша биыл шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда қамалып, тамыздың 14-інен бері сотқа тартылып жатыр. Жанбола Мамай Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және "Әблязовтың ұйымдастыруымен БТА Банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген айыптың саяси астары бар екенін айтады.

Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция:

XS
SM
MD
LG