Accessibility links

Өзбекстанда бірнеше жыл бұрын Ислам Каримов жүйесін сынағаны үшін елінен кетуге мәжбүр болған бірқатар саясаткерлер мен журналистер ұлттық қауіпсіздік қызметінен отанына оралуға шақырту алған. Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, диссиденттерге режимнің "қара тізімінен" шығарылғанын, сол себепті Өзбекстанға қауіптенбей келулеріне болатыны елшілік қызметкерлері арқылы, олардың туыстары арқылы жеткізген.

1990 жылдардың ортасынан бері АҚШ-та тұратын танымал журналист, парламенттің экс-депутаты Жахангир Маматовқа кезінде екі рет қылмыстық іс қозғалған. Ол 18 тамызда Самарқандағы туыстары хабарласып, арнайы қызметтің өкілі келіп, журналисті "қара тізімнен" шығарғанын айтып кеткенін мәлімдеді.

Батыс елдерінің бірінде тұратын тағы бір журналиске қауіпсіздік қызметінің өкілі жеке поштасына хат жолдап, елге оралуына болатынын ескерткен.

Түркияда тұратын өзбек жазушысы Нуриллох Мұхаммед Рауфхан Facebook парақшасына "Өзбекстандағы туыстарыма билік өкілі келіп, менің "қара тізімнен" шығарылғанымды хабарлаған" деп жазды.

Бірақ диссиденттер Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияев үкіметінің Ислам Каримов кезінде қуғындалған диссиденттерді ақтау туралы ресми мәлімдеме жасап, я құжат қабылдамағанын айтып, өздерінің "қара тізімнен" шығарылғаны туралы ауызша хабарларға күмәнмен қарайды.

Дегенмен, Мирзияев билікке келгеннен кейін, Жоғарғы сот бірқатар бұрынғы жоғары лауазымды шенеунікті ақтау туралы шешім шығарған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG