Қырғызстан мен Өзбекстан футбол құрамаларының Ташкенттегі үлкен стадионда өтетін ойынына көрермендер кіргізілмейді. Бұған қоса ойын телеарнадан да көрсетілмейді. Матч 25 тамызда өтеді. Қырғызстан футбол федерациясының хабарлауынша, мұндай шешімді құрама бапкерлері қабылдаған.
"Мұндай ойындарда техникалық әдіс сыналады. Бақылау ойынын жабық өткізіп тұрады. Онда тұрған ештеңе жоқ" деді Қырғызстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Наталья Угрюмова.
Қырғыз жанкүйерлері мұндай шешімнің "басқаша астары болуы мүмкін екенін" айтады. 23 тамызда өбек шекарашылары футболға бара жатқан отызға жуық жанкүйерді өткізбей қойған. Өзбекстанда Тәуелсіздік күні қарсаңында қауіпсіздік күшейтілген.
Тәуелсіздік алғалы бері Өзбекстан мен Қырғызстан футбол құрамалары бес мәрте кездескен.