Accessibility links

ОҚО: Полицейлерді видеоға түсіретін белсенді сотқа тартылып жатыр


Белсенді Руслан Жанпейісов (ортада) адвокаттары Ольга Лаврентьева (сол жақта) мен Закир Асадовпен бірге сот залында тұр. Шымкент, 25 тамыз 2017 жыл.
Белсенді Руслан Жанпейісов (ортада) адвокаттары Ольга Лаврентьева (сол жақта) мен Закир Асадовпен бірге сот залында тұр. Шымкент, 25 тамыз 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) орталығы Шымкент қаласындағы Абай аудандық соты жол полициясының әрекеттерін видеоға түсіріп танылған белсенді Руслан Жанпейісовтің ісін қарап жатыр.

Бүгін сағат 15:00-де басталған, судья Қанат Мылтықбаев төрағалық еткен сот отырысына жәбірленуші полицей Рауан Аманжолов, айыпталушы Руслан Жанпейісов, айыпталушының адвокаттары Ольга Лаврентьева мен Закир Асадов, қоғамдық қорғаушылары – қарындасы Зарифа Жанпейісова мен әйелі Алена Жанпейісова, прокурор Фараби Әйтімбетов, куәгерлер Нұрсұлтан Елшібеков пен Бақтияр Назаров және адам құқығын қорғайтын қоғамдық қор өкілдері қатысты. Екінші жәбірленуші полицей Мұрат Қуандықов сот отырысына қатыспады.

Руслан Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадовтың айтуынша, Жанпейісовтің үстінен қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-тармағы, 399-бабының 1-тармағы және 403-бабының 2-тармағы бойынша айып тағылған.

– Прокуратура өз дәлелдерін келтіріп, айыптап отыр. Біз айыппен келіспейміз. Мысалы, 194-баптың 2-тармағымен айыптайды. Бұл – екінші эпизод. Полицей Мұрат Қуандықов Руслан Жанпейісовтің ұялы телефонына 5 мың теңге бірлік салғанын айтады. Мұның мүлде дәлелі жоқ. Құрғақ сөз, – дейді адвокат Закир Асадов.

Руслан Жанпейісовтің екінші адвокаты Ольга Лаврентьева сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсылық білдірді. Судья Қанат Мылтықбаев адвокаттың талабын ішінара қанағаттандырып, ашық сот отырысы екенін ескертіп, журналистерге сот отырысына қатысуға рұқсат етіп, суретке және видеоға түсіруге тыйым салды.

Сотта бірінші жәбірленуші полицей Рауан Аманжоловтан жауап алынды. Одан кейін куәгер полицей Нұрсұлтан Елшібеков пен Руслан Жанпейісовтің көршісі Бақтияр Назаров сұралды.

Куәгер полицей Нұрсұлтан Елшібеков Руслан Жанпейісовті 2016жылдан бері танитынын, 2017жылдың наурыз айында ұялы телефонына айыпталушы полицей Рауан Аманжоловтың жұмыс уақытында ұйықтап жатқан суретін жібергенін, танитын болса хабарласуын сұрағанын айтты.

– Мен, Рауан Аманжолов және Руслан Жанпейісов үшеуміз асханада отырып сөйлестік. Рауан Аманжоловтың жұмыс уақытында ұйықтап жатқан видеосын көрсетті. Руслан Жанпейісов бізге «егер бұл видеоны интернетке жүктесе Рауан Аманжолов жұмыстан қуылатын айтты, – деді Нұрсұлтан Елшібеков.

Ол «Руслан Жанпейісовтің Рауан Аманжоловтан 50 мың теңге бопсалағанын кейін естігенін», Аманжоловтың «бұл видеоны интернетке шығарса ұят деп білгенін» айтады.

Руслан Жанпейісов пен оның адвокаттары Нұрсұлтан Елшібековтен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне қашан баянат (рапорт) түсіргенін сұрады. Куәгер баянаттың нақты қай күні жазылғанына жауап бере алмады. Сот отырысында жәбірленушіден қай уақытта баянат жазғанын сұрап, сөйлесті.

Прокурор Фараби Әйтімбетов айыпталушы жақты куәгерге қайта-қайта сұрақ қоя бермеуді сұрады.

Руслан Жанпейісовтың қоғамдық қорғаушылары қарындасы мен әйелі жәбірленуші және куәгер полицейлердің бұл әрекетін «арандатушылық» деп бағалады.

Адвокат Ольга Лаврентьева соттан істе негізгі құжаттардың бірі болып табылатын полицейлердің баянатты тапсырған уақытқа (2017жылдың 1 наурызы), Руслан Жанпейісовті «бопсалағаны» үшін полицей Рауан Аманжоловтың 50теңге пара берген уақыты (2017 жылдың 17 наурызы) мен баянатта көрсетінген шығыс хаттағы күнге (2017жылдың 21наурызы) назар аударуын сұрады. Оның сөзінше, ішкі істер департаменті полицейлер баянат тапсырмаса да Руслан Жанпейісовты ұстау жоспарын жасаған.

– Ішкі істер департаментінің құжаттарды тіркеу дәптерін алдыруды сұраймын, – деп талап-тілек білдірді адвокат Ольга Лаврентьева.

Прокурор Фараби Әйтімбетов соттан бұл талап-тілекті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрағанымен, сот қанағаттандырды.

Айыпталушы Руслан Жанпейісов Азаттыққа «тағылған айыпты толық мойындамайтынын» айтты.

– Бұл – менің қоғамдық белсенділігіме байланысты тағылған айып. Менің белсенділігім кейбір адамдарға жақпай қалған сияқты. Қылмыстық істі қозғау арқылы менің құқығымды бұзып отыр, –дейді Руслан Жанпейісов.

Жанпейісовтің жәбірленушілерден «видеокамераға түсірілген бейна материалын интернетке жариялайтынын айтып, ақша бопсалағанын» ішкі істер департаменті хабарлаған. Полиция күдіктінің «жәбірленушіден 50 мың теңге ақша алып тұрған жерінде ұсталғанын» айтқан. Бұл іс бойынша алғашында қылмыстық кодекстің 253-бабының 5-тармағы 3-бөлімі бойынша іс қозғалып, сот алды тергеуі жүргізіліп жатқаны хабарланған еді. Бірақ қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалғаны сотта белгілі болды.

XS
SM
MD
LG