Accessibility links

АҚШ Венесуэлаға қарсы санкцияны күшейтті


Үкіметке наразылық акциясы кезінде полицияға қарсылық танытушылар. Каракас, Венесуэла, 12 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Үкіметке наразылық акциясы кезінде полицияға қарсылық танытушылар. Каракас, Венесуэла, 12 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қарсы санкцияны күшейту туралы жарлыққа қол қойғаны туралы ресми ақпарат Ақ үйдің сайтында жарияланды.

Президент жарлығы америкалық қаржы институттарына Венесуэла үкіметі мен Petróleos de Venezuela мемлекеттік мұнай компаниясы шығарған борыштық міндеттемелер мен құнды қағаздар бойынша мәміле жасасуға тыйым салады. Сонымен бірге Венесуэланың мемлекеттік секторының иелігіндегі бондтармен мәміле жасасуға және сол елдің билігіне дивиденттер төлеуге тыйым салынады.

Ақ үйдің хабарламасында Венесуэла президенті Николас Мадуроның диктатурасы венесуэлықтарды азық-түлік пен дәрі-дәрмектен айырып, демократиялық оппозиция өкілдерін қуғын-сүргінге салғаны, елде сөз бостандығын тұншықтырып отырғаны айтылған.

АҚШ Венесуэла билігін елде демократиялық басқару жүйесін қалпына келтіруге және еркін сайлау өткізуге шақырған.

Венесуэладағы жағдай тамыздың басында елде "конституциялық ассамблея" деп аталатын жаңа органның сайлауы өткізілгеннен кейін ушығып кеткен. Венесуэла конституциясын өзгерту үшін құрылған жаңа саяси орган тамыздың ортасында президентке оппозициялық ұстанымдағы елдің ұлттық парламентін өкілеттігінен айырған. Батыс мемлекеттері мен аймақтағы елдердің басым көпшілігі, сонымен бірге халықаралық ұйымдар Венесуэлада демократия негіздері бұзылып отыр деп санайды.

Ішкі саяси жағдай шиеленісіп, зорлық-зомбылықтар мен қақтығыстардың көбеюі салдарынан Венесуэлада биылғы сәуір айынан бері 130-ға жуық адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG