Accessibility links

Саакашвили: "Грузия мен Украина биліктері маған қарсы бірікті"


Михаил Саакашвили.
Михаил Саакашвили.

Грузияның экс-президенті және Украинаның Одесса облысының бұрынғы басшысы Михаил Саакашвили украин және грузин биліктері бірігіп, өзіне "Грузияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған" деген айып тақпақшы деп мәлімдеді.

"Грузин билігі Украинадағы алып-сатарлармен толық үйлесім тауып, маған "Грузияда мемлекеттік төңкеріс жасауға қамданған" деген жаңа айып әзірлеп жатыр. Олар қыркүйектің 10-ынан қалдырмай айып тағатындары туралы Порошенкоға [Украина президенті Петр Порошенко- Азаттық.] уәде берген", - деп жазған Саакашвили Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Саакашвилидің пікірінше, оны "украин шекарасынан өткеннен кейін ұстау үшін Украина президенті мен бас прокуратурасына заңды негіз керек болып отыр".

"Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық дегендері – нағыз саяси айып, оның күлкілі екендігі сонша, барлық істердің ойдан құрастырылғанына ешкімнің күмәні қалмайды", - дейді Саакашвили.

Бұған дейін тамыздың 26-сы күні Грузия ішкі істер министрлігінің тергеу бөлімінде болғаннан кейін грузиялық "Рустави 2" телекомпаниясының бас директоры Ника Гварамия Отанында Михаил Саакашвилидің үстінен "билікті күшпен басып алуға әрекеттену" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деген болжам айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG