Accessibility links

АҚШ Бакуді журналист Мехман Әлиевті босатуға шақырды


Әзербайжандық тәуелсіз Turan агенттігінің жетекшісі Мехман Әлиев. Баку, 16 тамыз 2017 жыл.
Әзербайжандық тәуелсіз Turan агенттігінің жетекшісі Мехман Әлиев. Баку, 16 тамыз 2017 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті Әзербайжанда тәуелсіз Turan ақпарат агенттігінің жетекшісі Мехман Әлиевтің тұтқындалуына байланысты алаңдаушылық танытып, ресми Бакуді журналисті дереу босатуға шақырды.

Тамыздың 26-ы күні таратқан мәлімдемесінде АҚШ мемлекеттік департаменті "елдегі жалғыз тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралының бас редакторының үш айға қамалуына қатты алаңдаушылық" білдірген.

АҚШ тарабы Әзербайжан үкіметін "халықаралық міндеттемелеріне және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мүшесі ретінде алған міндеттемелеріне сәйкес, елде негізгі бостандықтарын жүзеге асырғаны үшін қамауға алынған барлық адамдармен қоса" Мехман Әлиевті "дереу босатуға" шақырған.

Сонымен бірге мемлекеттік департамент мәлімдемесінде Әзербайжан үкіметінің "баспасөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігін шектейтін" іс-әрекетінің қатарында үкімет шешімімен мамыр айында Азат Еуропа / Азаттық радиосы мен өзге де тәуелсіз БАҚ сайттарының бұғатталғанын атап көрсеткен.

Әзербайжандық тәуелсіз Turan ақпарат агенттігінің жетекшісі Мехман Әлиев тамыздың 25-і күні үш айға тұтқындалған. Билік оның үстінен "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен іс қозғаған.

Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті, Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Әзербайжан билігін Turan агенттігі мен оның қызметкерлерін қудалауды тоқтатуға шақырған. "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымы Әзербайжан үкіметінің "елдегі соңғы тәуелсіз ақпарат құралын" қудалауға салғанын айыптаған.

Turan агенттігі қызметкерлері биліктің қудалауының саяси астары бар деп санайды. Бұған дейін Мехман Әлиев Азаттыққа өз басқаруындағы агенттік ешқандай салық заңнамаларын бұзбағанын айтқан.

1990 жылы құрылған Turan агенттігі әзербайжан, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады.

Құқық қорғаушылардың 2017 жылы әлемдегі сөз бостандығы индексі туралы есебінде Әзербайжан 180 елдің арасында 162-орында тұр.

XS
SM
MD
LG