АҚШ кәсіпқой боксшысы Флойд Мэйвезер мен аралас жекпе-жек түрінен чемпион ирландиялық Конор МакГрегор арасындағы кездесу америкалық спортшының жеңісімен аяқталды. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында бокс ережесі бойынша өткен жекпе-жекте Мэйвезер МакГрегорды 10-раундта техникалық нокаутпен ұтты.
Кездесудің бастапқы кезеңінде Мэйвезер бәсекелесіне қарағанда күшін іркігенімен, сирек шабуылдарда мүлт жіберген жоқ деп жазады ТАСС. Төртінші раундта Мэйвезер басымдық танытып, жекпе-жек барысын бақылауда ұстады. Жетінші раундтан бастап МакГрегордың болдыра бастағаны байқалды: оның шабуылы бәсеңдеп, Мэйвезердің соққылары дөп тиіп жатты. Оныншы рауднта Мэйвезердің бірнеше мықты соққысынан соң МакГрегор құлауға шақ қалғанын көрген төреші жекпе-жекті тоқтатып, америкалық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
40 жастағы Флойд Мэйвезер кәсіпқой рингте осымен 50-кездесуін жеңіспен аяқтады. 27 жекпе-жекте бәсекелесін нокаутпен ұтқан ол ешқашан жеңіліп көрмеген.
Аралас жекпе-жек түрінен жеңіл салмақтағы чемпион атағы бар 29 жастағы МакГрегор бұл жолы кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет шыққан. Аралас жекпе-жекте ол 21 рет жеңіске (үшеуінде - мезгілінен бұрын) жетіп, үш рет ұтылған.
Осы жолғы жекпе-жек үшін Мэйвезер 100 миллион доллар, МакГрегор - 30 миллион доллар сыйақы алады. Бұл ақша телетрансляциядан түскен кіріс есебінен ұлғаюы мүмкін. Алдын ала есеп бойынша, жекпе-жектен жалпы сомасы 600 миллион долларға жуық кіріс түсуі ықтимал.