Accessibility links

Білім гранттарын тағайындау комиссиясы жұмысын аяқтады


Білім және ғылым министрлігінен шығып келе жатқан түлектер. Астана, 12 тамыз 2017 жыл.
Білім және ғылым министрлігінен шығып келе жатқан түлектер. Астана, 12 тамыз 2017 жыл.

Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия жұмысын аяқтады деп хабарлады Қазақпарат агенттігі. Құрамына жоғары оқу орындарының қауымдастығы, білім саласы қызметкерлердің кәсіби одағы, ЖОО ректорлары, мемлекеттік органдар мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері енген комиссия жоғары оқу орындарына түсуге, резервті қосқанда, 34 907 білім грантын бөлген. Медицина мамандықтары бойынша барлығы 3794 грант тағайындалған.

Соның ішінде "Алтын белгі" иегерлеріне – 4664, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 551, мүгедектерге 367, жеңілдіктері барлармен теңестірілгендер және соғысқа қатысқан кепілдігі бар ата-ананың балаларына 42 грант бөлінген. Бұған қоса биыл алғаш рет физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болашақ мұғалімдерге 642 білім гранты берілген.

Сонымен бірге, алғаш рет жергілікті бюджеттер есебінен жоғары білім алуға мүмкіндік беретін білім гранттары тағайындалған. Биыл Атырау облысында 222, Шығыс Қазақстан облысында - 200, Қызылорда облысында - 150, Ақмола мен Алматы облыстарының әрбірінде - 100 білім гранты бөлінген.

Мемлекеттік білім грантары бойынша және ақылы негізде жоғары оқу орнына түсушілерді жоғары оқу орындарына қабылдау тамыздың 28-іне дейін жүргізіледі деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресми ақпарат бойынша, биыл 4 мың "Алтын белгі" алған оқушының 800-і ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде аз балл жинаған.

Тамыздың 11-і күні түлектер мен ата-аналар тестілеуден аз ұпай жинағандар оқуға түсіп, көп балл алғандар құлағанына наразылық білдіріп, Астанада қарсылық акциясын өткізді. Бұл даудан кейін қосымша, яғни жоспардан тыс 1487 грант бөлінгені туралы хабарланды.

XS
SM
MD
LG