Accessibility links

Парламент палаталарының сессиясы 4 қыркүйекте өтпек


Нұрлан Нығматулин, парламент мәжілісінің спикері.
Нұрлан Нығматулин, парламент мәжілісінің спикері.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың демалысы аяқталған соң 4 қыркүйекте сенат пен мәжілістің бірлескен жиынын шақыру туралы өкім шығарды. Бірлескен жиын 4 қыркүйекте Астанада сағат 11-ге шақырылды.

Қазақстан парламентінің депутаттары 30 маусымда екінші сессия жұмысын аяқтап, екі айлық демалысқа шыққан. Депутаттар соңғы сессияда 84 заң жобасын, оның ішінде конституцияға түзетулер мен өзгерістерді қабылдаған. Парламент президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған президент пен парламент және үкімет арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу туралы түзетулерді екі күнде қарап, мақұлдап тастаған. "Конституциялық реформа" Қазақстанда да, шетелдерде де сынға ұшырады. Freedom House халықаралық ұйымы Қазақстан конституциясына өзгерістер енгізуді "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу сияқты реформа" деп атаған.

Парламент сонымен қатар биыл мамырда президенттікке кандидаттарға қойылатын талапты күшейтетін заң жобасын мақұлдаған. Құжатта президенттікке өзін-өзі ұсынуға тыйым салынып, қоғамдық бірлестік пен саяси партиялар атынан ғана ұсынылу құқығы берілген. Президенттікке кандидат мемлекеттік қызметте кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі тиіс. Кейбір сарапшылар жаңа талаптар Қазақстан азаматтарының ел президенті болып сайлану құқығын шектейді деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG