АҚШ президенті Дональд Трамп компаниясы директорларының бірі Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан Мәскеуде салынады деп, жоба күйінде қалған Trump Tower көп қабатты ғимаратының құрылысын алға жылжытуда көмектесуді сұраған. Бұл жайында АҚШ Конгресіне түскен құжаттардан белгілі болды. Конгресс Дональд Трамптың президенттікке кандидат кезінде айналасында болған адамдардың Кремльге жақын ресейліктермен ықтимал байланысын тексеріп жатыр.
Трамп компаниясы директорының бірі Майкл Коэн 2016 жылы қаңтарда Песковқа электрондық хат жолдап, Песковтан алдын ала талқылау деңгейінде тұрып қалған жобаны ары қарай іске асыруға көмектесе алатын кездестіруді сұраған. Песков бұған жауап бермеген, Трамп компаниясы өкілдерінің сөзінше, бұдан соң Путинге өтініш жасалмаған. Бірақ америкалық басылымдар Песковқа жазылған хат Трамптың жақын көмекшісінің Кремль өкілімен байланыс орнатуға әрекеттенгеніне айқын дәлел бола алатынын жазып жатыр.
Майкл Коэн тергеушілерге Трамп компаниясы лицензиялық келісім-шарт жасасуға тырысқанын айтқан. Ол бойынша ресейлік құрылыс компаниясы Трамп сауда маркасын қолдану лицензиясын сатып алу қарастырылған. Коэннің сөзінше, жобадан Ресейден рұқсат және қаржы алу мүмкін болмағандықтан бас тартуға мәжбүр болған.
Арнайы прокурор Роберт Мюллер басқаратын тергеу Дональд Трамптың сайлау штабында жұмыс істеген адамдардың Кремльге жақын ресейліктермен байланысын тексеріп жатыр. АҚШ арнайы қызметінің мәліметінше, Кремль АҚШ президенті сайлауына Дональд Трамп сайланып кететіндей мақсатта киліккен. Кейбір сыншылар Трамптың сайлауалды штабы Кремльмен астыртын сөз байласқан болуы мүмкін деп күдіктенеді.