Қарағанды облысында Шахан кентіндегі көп қабатты үйде жылу қазандығының жарылып, тоғыз адам қаза тапқан іс бойынша екінші сот өтіп жатыр. Қазір жарылыс болатын кезде тұрғын үй комитеті басшысы қызметін атқарған және көп қабатты үй тұрғындарына жылу қазандығын ауыстыруға көмектескен шахтер сотталып жатыр. Алғашқы сот бойынша жергілікті шенеуніктер сотталған.
Мұрат Сүлейменов Қылмыстық кодекстің екі бабы - "Сақтық жасамағандықтан ажалға себепкер болу" және "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмысты орындау немесе қызмет көрсету" баптары бойынша айып тағылған.
Сотталушы өзін кінәсіз санайды және өзін ақтауды сұрайды. Ол қайғылы оқиға болған күні көп қабатты үйде "жылу қазандығы емес, газ баллоны жарылған" деген болжам айтады.
- Өрт болды. Оны дәлелдей аламын. Бұған қоса заттай айғақтар мен куәгерлер бар. Соттан оқиға орнына барып, әкетілген заттай айғақтарды қараа шығуды тағы да сұраймын, - деді сотталушы Мұрат Сүлейменов.
Сотталушының адвокаты судьядан жарыссөзге дайындалуға уақыт сұрағанымен, 29 тамыз күні түстен кейін сот процесі жарыссөз кезеңіне көшті.
Прокурор Айбек Ахметов сотта құрбандардың денелерінің көп жері сынғанын, жаншылып, жараларының айналасы жырымдалып кеткенін және күйік жаралары болғанын айтып, бұлар жылу қазандығы жарылғанын айғақтайтынын жеткізді. Прокурор судьядан Сүлейменовті үш жыл шартты мерзімге соттап, пробациялық бақылау орнату жазасын сұрады. Судья Садықова тараптардың пікірін тыңдап келесі сот отырысын 5 қыркүйекке белгіледі. Келесі сот отырысында сотталушыға соңғы сөз берілуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Шахандағы жұрт қорқынышпен өмір сүріп жатыр
Бірнеше күн бұрын Шахтинск қаласында Шахандағы жылу қазандығының жарылуына қатысты іс бойынша бес шенеунік сотталған. Сот барысында олар прокурормен кінәсін мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасасқан. Бұл іс бойынша Шахан кенті әкімі Мұрат Жақыпов, оның коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Әкетай Нәжмиден, коммуналдық мәселелер жөніндегі бас маман Мәрия Жұмабекова, Шахтинск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автожолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алмас Омарханов және Шахтинск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторы бас маманы Нұржан Маханбетов сотталған. Олар "ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік әрекетсіздік" жасады деп айыпталған.
Видео: Шаханға көмек (04.01.2017)