Accessibility links

Өзбекстанда "түнде мақсатсыз жүрген" мыңдаған адам ұсталған


Үргеніш қаласында милиция бөлімі алдында тұрған құқық қорғау қызметкерлері, Өзбекстан (Көрнекі сурет).
Үргеніш қаласында милиция бөлімі алдында тұрған құқық қорғау қызметкерлері, Өзбекстан (Көрнекі сурет).

Өзбекстанның Хорезм облысында 26-27 тамызда жүргізілген рейд барысында кешкі сағат 9-дан кейін "мақсатсыз қыдырған" 3706 адам ұсталды.

Өзбекстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің Азаттықтың Өзбек редакциясына хабарлауынша, ұсталғандардың көбі бір тәулікке қамалып, айыппұл салынған. Қалғандарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ министрлік өкілі ұсталғандарға қандай құқық бұзушылық бойынша айып салынғанын айта алмады.

Адвокаттар құқық қорғау органы қызметкерлерінің төрт мыңға жуық адамды ұстауына негіз жоғын айтады.

"Өзбекстан заңдары бойынша, "мақсатсыз көшеде қыдыру" қылмысқа немесе заң бұзушылыққа жатпайды. Елде соғыс жүріп жатқан жоқ. Кез келген азамат тәулік бойы көшеде қыдыра алады" деді аты-жөнін айтқысы келмеген заңгер.

Өзбекстан ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісімен әңгіме барысында хорезмдік милиция қызметін асыра пайдаланғанын мойындады.

"Оларға азаматтарды ұста деген тапсырма берілмеген. Мұндай әрекетті олар өздері жасаған. "Мақсатсыз қыдырған" деп олар қате жазған. Төрт мыңға жуық адамның ұсталуы қоғамда наразылық тудырғаны рас. Болашақта Хорезм милициясы мұндай қателік жібермейді деп үміттенеммін. Дегенмен, рейд болған түні іздеуде жүрген төрт адам ұсталған" деді ол.

XS
SM
MD
LG