Accessibility links

Қазақстан Конституция күнін атап өтіп жатыр


Қазақстан конституциясы макетін күзетіп тұрған сарбаз. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан конституциясы макетін күзетіп тұрған сарбаз. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Қазақстанда 1995 жылы қабылданған конституцияның құрметіне демалыс жарияланған. Бұл конституциясында зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретінде жарияланған. Алайда бұл құжаттағы "құқықтық мемлекет құру" мақсатының орындалған-орындалмағанына қатысты түрлі пікірлер бар.

Кейбір сарапшылар Қазақстан конституциясын елдің дамуының тірегі болды, тұрақтылықтың кепілі, бұл мемлекеттегі адам құқықтарын қамтамасыз еткен басты құжат деп сипаттаса, кей белсенділер мен саясаткерлер елді авторитарлық режимге кіріптар еткен құжатты даму жолындағы кедергі санайды.

Саяси оппоненттері Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары билікте отырған кезде Қазақстан Конституциясын өзіне ыңғайлап, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізуді әдетке айналдырғанын айтады. Мысалы, 1998 жылғы қазан айында Конституцияға бірден 19 түзету енгізілген соң 1999 жылы қаңтарда кезектен тыс президент сайлауы өтті. 2007 жылы мамырда Конституцияға енгізілген кезекті түзетулердің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына еш шектеусіз түсе беретін айрықша құқық иеленді. Сондай-ақ кейін "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген ресми атаққа ие болып, іс жүзінде қылмыстық қудалауға жатпайтын тұлғаға айналды.

25 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті телеарнадан сөйлеп, Қазақстан халқына үндеу жариялады. Ол билік тармақтары арасында билік өкілеттіліктерін бөлу реформасын бастайтынын мәлімдеді. Назарбаев өзіне тиесілі бірқатар өкілеттіліктерді парламент пен үкіметке беретінін айтты. Ол бұл ниетін "қазіргі заман талаптары" мен "демократиялық реформалар рухына" сәйкес болу мақсатымен түсіндірді. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді парламент екі жұмыс күні ішінде мақұлдады. Биліктің айтуынша, бұл өзгерістер елдің жағдайына қатысты парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді. Freedom House халықаралық ұйымы реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" деп атады.

XS
SM
MD
LG