Accessibility links

Хьюстондағы химиялық зауытта жарылыс болды


Arkema компаниясының химиялық зауытына апаратын жолда кетіп бара жатқан жүк көліктері. Техас штаты, АҚШ, 30 тамыз 2017 жыл.
Arkema компаниясының химиялық зауытына апаратын жолда кетіп бара жатқан жүк көліктері. Техас штаты, АҚШ, 30 тамыз 2017 жыл.

АҚШ-тың су басқан Хьюстон қаласының түбінде химиялық зауытта жарылыстар болды. Зауыт иесі Arkema компаниясының 31 тамызда мәлімдеуінше, Техас штатының Харрис округтік төтенше жағдайлар орталығы компанияның Кросби округіндегі зауытында екі жарылыс үні естіліп, аспанға түтін шығып жатқанын хабарлаған.

Компания зауытқа жақын орналасқан үйлердің тұрғындарына зауытта тағы да жарылыс болу қаупі барын ескерткен. "Жергілікті төтенше жағдайлар қызметі қауіп сейілді демейінше эвакуация жасалған аймаққа бармаңыздар" делінген компания мәлімдемесінде.

Arkema компаниясы бұған дейін су тасқынынан зауыт территориясын су басып, электр қуатының ажырауынан ондағы тез жарылатын материалдарды салқындату жүйесі істен шыққанын, сондықтан жарылыс болу қаупі барын ескерткен болатын. Бұдан соң жергілікті билік зауыт аумағынан радиусы 2,5 километр қашықтықтағы елді мекендерден тұрғындарды және зауыттың өз жұмысшыларын түгел эвакуациялаған.

Өткен аптада Техас штатында АҚШ-та соңғы 12 жылда болмаған күшті "Харви" дауылы тұрып, соңы нөсер жауын мен су тасқынына ұласты. Дауыл мен су тасқынынан Хьюстон қаласы мен оның маңайындағы елді мекендер зардап шекті. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апаттан штатта 31 адам қаза тапты. Қазір дауыл көршілес Луизиана штатына қарай ауып барады.

XS
SM
MD
LG