Accessibility links

Атбасар ауданы әкімі мен орынбасары тұтқындалған


Ақмола облысында "пара алған" деген күдікпен ұсталған Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов пен оның орынбасары Айтқабыл Серкебаев қыркүйектің 2-і күні сот шешімі бойынша тұтқындалған. Бұл туралы коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Ұлттық бюроның ақпаратында Никишовтың тамыздың 31-і күні жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысынан "төрт миллион теңге пара алып жатқанда ұсталғаны" туралы айтылған. Әкіммен бірге оның орынбасары Айтқабыл Серкебаев та ұсталған. "Аудандық әкімдіктің тапсырысы бойынша жұмыс атқарушылардан 10 миллион теңгеден астам пара алған" деген күдікпен екеуінің үстінен сотқа дейінгі тергеу ісі басталған.

Никишов пен Серкебаев я олардың заңды өкілдері әзірше айыптауға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

2014 жылғы маусым айынан бастап Атбасар ауданын басқарған Андрей Никишов оның алдында Ақмола облысындағы Степногорск және Көкшетау қалаларының, Егіндікөл ауданының әкімі болып қызмет атқарған.

XS
SM
MD
LG