Accessibility links

Тәжікстанда аудандық сот төрағасына балтамен шабуылдаған


Тәжікстандағы Пяндж аудандық соты ғимаратындағы жазу.
Тәжікстандағы Пяндж аудандық соты ғимаратындағы жазу.

Тәжікстанда Пяндж аудандық сотының төрағасы Далвтманда Рахимзодаға біреу балтамен шабуылдап, жараланған судья ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі (Радио Озоди). Бейсенбі күні түстен кейін сот ғимаратында болған оқиға бойынша күдікті ретінде 39 жастағы жергілікті тұрғын Диловар Олимов ұсталған.

Құқық органдарындағы дереккөзінің Озодиге хабарлауынша, Олимов өзінің бұрынғы әйелімен бірнеше жылдан бері соттасып жүрген Диловар Олимов соттың алимент туралы шешіміне наразылық білдіріп, істі қараған судья Давлатманд Рахимзодамен бірнеше рет дауласып қалған. "Бірде Олимов сот залына баса-көктеп кірген соң сот төрағасы күзетшілерінің жәрдемдесуін сұраған. Бұл жолы Олимов балта алып келіп, судьяға тарпа бас салған", - дейді Озоди дереккөзі.

Сот төрағасының кабинетіндегі жихаздар бүлінген. Шабуылға күдікті ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған, қазір тергеу жүріп жатыр.

Пяндж аудандық сотында бұған дейін жемқорлық дерегі анықталған. Тәжікстан жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммад Шохиён шілденің 17-і күні журналистермен кездесуде Пяндж аудандық сотының судьясы Тоджиддин Курбониённің "судьяның ар-абыройына кір келтіретін" іс-қылығы үшін жұмыстан босатылғаны туралы хабарлаған.

"Иә, ол 1000 сомони пара алып, сонысымен заң бұзған. Судья ұсталды, бұл факті бойынша тергеу жалғасып жатыр", - деп мәлімдеген Тәжікстан жоғарғы сотының төрағасы.

Бес жыл бұрын Исфара қаласында 80 жастағы Зайнулобиддин Джураев сот процесі кезінде аудандық соттың төрағасы Абдухамид Давроновтың бетіне қышқыл шашып жіберген. Шабуылдаушы өз өтінішін сот төрағасының қалай қарағаны "зығырданын қайнатқаны" туралы мәлімдеген. Шабуыл салдарынан судьяның сол көзі көруден қалған. Зайнулобиддин Джураев сегіз жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG